Актриса Самал Еслямова референдумға қатысып, дауыс берді

Автор: Эльмира Мәмбетқызы

Дауыс беруге арналған учаскелер 20:00-ге дейін ашық болады

Актриса Самал Еслямова референдумға қатысып, өз таңдауын жасады. Жалпы Солтүстік Қазақстан халқы референдумға белсенді қатысуда. Түске дейін дауыс беруге құқылы тұрғындардың 60 пайыздан астамы саяси науқанға қатысып үлгерді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.

Жалпыхалықтық референдумда өнер майталмандары да белсенділік танытуда. 71-ші Канн фестивалінің үздігі Самал Еслямова №595 референдум учаскесінде дауыс берді. Ол мұны азаматтық парызым деп санайды.

«Адам баласы болғасын әрқашан жақсылық күтеміз. Саяси науқанға зор үмітпен келдім. Еліміз көркейіп, бәрі жақсы болатынына сенемін», - дейді Самал Еслямова.

Азаматтар 33 бапқа ұсынылған түзетулер бойынша дауыс беріп жатыр. Бұл өзгертулерде Конституциялық сотты қайта құру, президентке саяси партияларға мүше болуға, ал оның жақындары мен туыстарына саяси және квазимемлекеттік секторда лауызымды қызмет атқаруға тыйым салу, парламент жұмысы мен сайлау жүйесін өзгерту мәселелері қамтылған.

Жалпыхалықтық референдумнан спортшылар да тыс қалмады. XХIV Сурдлимпиада ойындарының жеңімпазы Фархад Қыстаубаев та азаматтық көзқарасын танытты. Чемпион Петропавл гуманитарлық-техникалық колледжінде орналасқан №575 референдум учаскесінде дауыс берді. Ол маңызды оқиғаның нәтижесі елдің болашақ дамуына оң әсерін тигізеді деген сенімде.

«Қазақстанның әр азаматы еліміздің дамуына үлес қосып жатыр. Тұрғындар гүлденген елде өмір сүруі керек деп санаймын. Сондықтан бүгін учаскеге келіп, өз таңдауымды жасадым», - дейді Фархат.

Өңірде 648 дауыс беру пункті тіркелген. Саяси науқан ашық әрі әділ өтуі үшін 1500-ге жуық қоғам өкілі жұмыс істеп жатыр. Дауыс беруге арналған учаскелер 20:00-ге дейін ашық болады.