Конституцияның әлі де жетілдіретін тұстары бар – Серікзат Дүйсенғазы

Автор: Әйгерім Ердәулет

Ақын бүгінде орыстанған жастардың халықтың көкейіндегі уайымға айналғанын айтады

Фото: alash24.kz

«Елімізде болып жатқан қазіргі өзгерістер көңілге қонады». Елімізге белгілі айтыскер ақын Серікзат Дүйсенғазы жалпыхалықтық референдумға қатысты осылай деп пікір білдірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Тоқсаныншы жылдардан бері елімізде өтіп жатқан саяси науқанның бәріне әулетімізбен қатысып келе жатырмыз. Қазіргі өзгеріс менің көңіліме қонады. Бұрын қанша дауыс берсек те, өзгеріп жатқан дүниелер айтарлықтай болмады. Ішімізден «Әттеген-ай!» деп қоятынбыз. Ал қазіргі өзгеріс көңіліме қонады. Себебі, Конституцияның 30-дан астамы бабы өзгереді. Бюрократияны тежейтін жақсы тұстары бар. Президенттің көп билігін Парламентке беру мәселесі – демократияға жақындататын қадам. Осылай біртіндеп демократиялық қоғамға айналамыз деп сенемін», - дейді Серікзат Дүйсенғазы.  

Ақынның айтуынша, Конституцияның әлі де жетілдіретін тұстары бар.

«Жетінші бап неге өзгермейді?» деген сұрақ жиі қойылады. «Мемлекеттік тіл – қазақ тіл»і деп жазылғанымен, жиынның басым бөлігі орысша өтетіні жасырын емес. Мемлекеттік тілдің орнын ресми тіл басып кетіп отыр. Ал көрші елдерде басқосулардың 90 пайызы ана тілінде жүргізіледі. Бізде де сондай болуы керек, олардан қай жеріміз кем?.. Егер саяси ахуалды сәл түзеп алсақ, халықтың талап-тілектері де ескеріле деп сенеміз. «Халық қаласа, хан түйесін сояды» деген.  Өз талабымызды қоярмыз. Десек те, халықтың көкейінде уайым бар екені жасырын емес. Орыстанған жастар қоғамға қауіпті. Әлемдік саяси жағдайға байланысты бұл бапты қозғамай отырған шығар деген ойламын», - деп түйіндеді ойын С. Дүйсенғазы.