Сенат депутаты ШҚО-да референдумның маңызын түсіндіру жөнінде кездесулер өткізді

Автор: Azattyq Rýhy

ҚР Конституциясына өзгерістер мен толықтыруларды түсіндіріп берді

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Ләззат Сүлеймен мен қоғам қайраткері Салтанат Тұрсынбекова Қазақстан Республикасының Конституциясына түзетулердің заңнамалық негіздерін түсіндіру мәселелері бойынша ШҚО-да бірқатар кездесулер өткізді.

Сапар аясында Ләззат Сүлеймен және Салтанат Тұрсынбекова Өскемен қаласындағы ана мен бала орталығында болып, жұмысымен танысып, медициналық көмектің қаншалықты сапалы көрсетіліп жатқанына көз жеткізді. Орталықтың соңғы үлгідегі жоғары технологиялық медициналық құрылғылармен жабдықталғанына баса назар аударып, ақхалатты абзал жандардың еңбегіне жоғары баға берді. Орталық қызметкерлерімен 5 маусым күні болатын референдум туралы кездесу өткізіп, ҚР Конституциясына өзгерістер мен толықтыруларды түсіндіріп берді.

Сондай-ақ Дәулет Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінде облыстың әйелдер қауымымен кездесу өткізді.

Іс-шараға көп балалы аналардың, халықтың әлеуметтік осал топтарының өкілдері, шағын және орта бизнестегі әйелдер қауымы, Шығыс Қазақстан облысының ғылыми және шығармашылық зиялы қауым өкілдері қатысты. Қатысушылар ұсынылған өзгерістер мен конституциялық реформаның Қазақстан Республикасының әрбір азаматы үшін маңыздылығын талқылап, өз ойларымен бөлісті.

Жиында сөз алған ҚР Парламенті Сенатының депутаты Ләззат Сүлеймен еліміз үшін референдумның қаншалықты маңызды екеніне тоқталып, ата заңымызға енгізілетін өзгертулер мен толықтырулар жайлы айтып өтті.

«Жаңа Қазақстан құруға жаңа қадам жасалып жатыр. Осы уақытқа дейін қоғамда болған кемшіліктерді түзету үшін қажет. Демократиялық ашық қоғам құрудың негізі болып саналады. Қазіргі уақытта біз суперпрезиденттік жүйеден бас тартып отырмыз. Парламент күшеймек. Халық пен депутаттардың арасы жақындайды. Ел алдында уәдесін орындамаған депутаттың, мандаты қайтарып алынады. Әрбір азаматтың конститутциялық құқығы сақтаулына баса көңіл бөлінеді. Демек Конституциялық сотқа азаматтар, заңды тұлғалар және басқа да қоғам өкілдері жүгіне алады. Адам құқығын қорғайтын уәкілдің де өкілеттілігі күшейтілмек. Соңғы уақытта референдумға бармауға үгіттеп жүрген ақпараттар тарауда. Сондықтан сайлаушыларды еліміздің жарқын болашағы үшін, референдумға қатысуға, дауыс беруге шақырамын», - деді сенатор Ләззат Жаңылысқызы.

Іс-шараға қатысушылар елімізде болып өзгерістерді қолдайтындарын жеткізіп, 5 маусым күні референдумға қатысатынын жеткізді.