Елордада үй ауласындағы көлікті айдап кеткендер видеоға түсіп қалды
Бұл дерекке қатысты соталды тергеу басталған

Нұр-Сұлтанда үй ауласындағы көлікті айдап кеткендер видеоға түсіп қалды. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабардайды Azattyq Rýhy.
Қала тұрғыны полицияға хабарласып, Гете көшесіндегі үй ауласынан белгісіз біреулер "Мазда" маркалы автокөлігін айдап әкеткенін айтқан. Жедел басқару орталығының бейнебақылау инспекторы камераларды қарау кезінде бұл көлікті Бөгенбай батыр - Желтоқсан көшелерінің қиылысынан байқаған. Патрульдік полиция полкінің қызметкерлері 38 жастағы күдіктіні ізін суытпай ұстаған.
Бұл дерекке қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 200-бабы "Автомобильді немесе өзге де көлік құралдарын ұрлау мақсатынсыз заңсыз иелену" бойынша соталды тергеу басталған. Ұсталған азамат кінәсін мойындаған. Оның қала аумағында жасалған басқа да осындай қылмыстарға қатысы тексеріліп жатыр.