Қоқысты жою үшін бюджеттен 95 млн теңгеге жуық қаржы қарастырылып отыр
Ақтөбе іргесіндегі жаңа ауданнан жер алған тұрғындар үй салмақ болғанда оқыс жағдайға тап болды. Қазық қағылған жердің бәрі қоқыстың астында қалған дейді. Олар үлкен аумаққа жайылған қоқыс полигонын өз күшімізбен жинай алмаймыз деп , жергілікті биліктен көмек сұрап отыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Астана арнасына сілтеме жасап.
Қолдан жасалған қоқыс полигоны шамамен анаау жерден басталып, бірнеше шақырымға созылып жатыр. Тұрғындар бұл бір жылда жиналған қоқыс емес дейді.
«Бұл жердің қоқысы 1 жыл, 2 жылдың емес, 5-6 жылдың көлемінде төгілген, жылда төгіліп келе жатқан нәрсе. Біздің талабымыз – жерді тазалап берсе, енді мына қоқыс арасына үй салу мүмкін емес», - дейді Ақтөбе қаласының тұрғыны Базарбай Бекжігітов.
Иен далаға қоқысты кім әкеліп тастап жатқанын тұрғындар білмейді. Бірақ, бірнеше рет құрылыс қалдықтарын төккен «Камазды» көрген. Таяқ тастам жерде қоқырсып қоқыс жатса да, көптен күткен жер учаскесіне үйдің іргетасын құйып, құрылысты бастап кеткен жандар бар. Кейбірі тұрмыстық қалдықтар арасынан қағылған қазықты таба алмай әлек.
«Мына қағылған қазық менің жер учаскем, жер көлемі маған берілген. Соның бәріне міне қоқыстың бәрін төгіп тастаған. Оның алдында болған жағдай. Үкімет берілген жерді дұрыс тексеріп қарап бермеген жұртқа», - дейді қала тұрғыны Тимур Бекмұханов.
Рауан-2 ауданындағы мыңнан астам жер учаскесі осыдан 4-5 жыл бұрын берілген. Ол кезде қоқыс болған жоқ дейді қалалық әкімдіктегілер. Жапан далаға жайылған қоқысты жинау үшін тендер өткен айда ғана жарияланған.
Әкімдік өкілінің айтуынша, бұл ауданда осындай бейберекет жиналған 20-дан астам қоқыс үйіндісі бар. Оның бәрін жою үшін бюджеттен 95 миллион теңгеге жуық қаржы қарастырылып отыр.