Бұл шараға еліміздің 12 білім ошағынан 16 команда жиналды
Петропавлда Назарбаев Зияткерлік мектептерінің футзалдан ІІІ желілік спартакиадасы өтті. Бұл шараға еліміздің 12 білім ошағынан 16 команда жиналды. 7-8 сынып оқушыларынан құралған жас аяқ доп шеберлеріне ойындар аясында солтүстікқазақстандық “Qyzyljar” футбол командасының 5 ойыншысы келіп, шеберлік сағатын ұйымдастырды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Петропавл қаласының химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің футзал алаңы бұл күндері тартысты ойындар мен жанкүйерлердің мықты қолдауына толы болды. Білім ошағы футзалдан ІІІ желілік спартакиаданы ұйымдастырған болатын. Оған еліміздің 12 қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектептерінің ұлдардан және қыздардан құралған 16 командасы ат салысуда. 7-8 сыныптардың зияткерлері сабақта ғана емес, спортта да мықты екендіктерін дәлелдеп бақты. Осылайша ақтық ойындарға ұлдар командаларының арасынан Алматы, Нұр-Сұлтан, Өскемен қалаларының және алаң иелері Петропавлдың құрамалары шықты. Петропавлдық қыздар да алдарына жан салмай, ақтық ойындарға жолдама алды. Оларға Шымкент, Орал және Өскемен қалаларының Назарбаев Зияткерлік мектептерінің оқушылары бәсекелестік танытуда. Оқушылардың дайындықтары жоғары.
Петропавлға келген әр құрама осыған дейін наурыз айында ұйымдастырылған аймақтық кезеңдерде бірінші және екінші орындардан табылып, іріктеуден өткен болатын. Солтүстікке жиналған құрамалардың қызу ойындарын білікті судьялар бағалады. Балалардың шеберліктерін кәсіби футболшылар - солтүстікқазақстандық “Qyzyljar” футбол командасының ойыншылары Мирослав Лобанцев, Дарко Зорич, Стефан Живкович, Тимур Мульдинов, Евгений Козлов тамашалап, балалардың дайындығына тәнті болды. Олар балалардың пастарына, соққан голдарына және қақпашылардың ширақ қимылдарына өз қолдауларын білдіріп отырды.
«Әдемі ойынға куә болдық. Дайындықтарың жақсы. Әсіресе, қақпашы ретінде жастардың голдарды өткізбей, ұстап алғандары қуанытты. Алдағы уақытта да спортты жандарыңа серік етіп, алған бағыттарыңнан таймаңдар», - деді “Qyzyzljar” ФК қақпашысы Мирослав Лобанцев.
Қазір Премьер-лиганың қатысушылары футболдан Қазақстан Чемпионатына қатысуда. Ойындар мен жаттығулардан үзіліс кезінде балалармен кездесуге уақыт тапқан кәсіби спортшылар өз ізбасарларының барлық сұрақтарына жауап беріп, шеберлік сабағын ұйымдастырды. Білікті спортшылармен кез-келген оқушы өзара сайысқа шығып, мықтылығын байқай алды. Балалар бұл кездесуден ерекше шабыттанып, алдағы уақытта кәсіби споршылар сияқты жоғары белестерді бағындыруға дайын екендіктерін жеткізді.
«Осы 2022 жылғы спартакиада есімізде ұзаққа қалады. Өйткені Петропавл бізді жақсы қарсы алып, барынша көңілімізді көтердік. Ойнадық, білікті споршылардан сабақ алдық, басқа мектептермен таныстық, жаңа достар таптық, қаланың көрікті жерлерін араладық. Біз үшін бастысы жеңіс емес, осындай эмоциялар маңызды болды”, - деп атап өтті Шымкент қаласының физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің ойыншысы Ұлболсын Рахым.
Ал футзалдан ІІІ желілік спартакиаданың қорытындысы бойынша бірінші орынның кубоктарын қарсы алушы жақ - Петропавл қаласының химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің ұлдар және қыздар командалары иеленді. Күміс жүлделерді оларға есе жіберіп алған Нұр-сұлтан қаласының физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің ұлдар құрамасы және Шымкент қаласының физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің қыздар командасы еншіледі. Ұлдар құрамасынан үшінші орынға Алматы қаласының физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің командасы, қыздардан Орал қаласының Зияткерлік мектебі еншіледі.