Әкімдіктегілер қаржыны жырымдап, қалтасына басып қалады
Мемлекет есебінен ARTSPORT-ты ұйымдастырып жүрген кәсіпкерлер үйірмелерді министрлік өаржыландырсын деген талап қойып отыр. Негізі бұл бағдарламамен әкімдіктер айналысады. Бірақ кәсіпкерлер жергілікті билікпен жұмыс істегісі келмей отыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy КТК арнасына сілтеме жасап.
Айтуларынша, әкімдіктегілер қаржыны жырымдап, одан қалса, қалтасына басып қалады. Олқылықтың болғанын ARTSPORT-қа жауапты министрлік те мойындайды.
«Қазіргі жағдайда бізде тұрған нақты мәселе қолда бар, қазір барып жүрген балаларды республика бойынша жылдың соңына дейін қаржыландыру. Жыл басында қаржыландырумен дұрыс есептемей қалу да болды. Себебі: платформаның да дұрыс жұмыс істемеуінен болды. Негізі бір бала ваучер алды, платформа өзі жылдың соңына дейін оператордан алып отыруы керек болады. Ол да болған жоқ», - деді ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің сарапшысы Абылайхан Мұстафа.
Осыған дейін бөлінген ақша таусылып, үйірмелерді ұйымдастырып жүргендер қаржыландырусыз қалған. Кеш болса да, мамырдағы мәслихат отырысынан кейін мәселе шешіліпті. Жергілікті органдар наурыз-сәуірге 13 миллиард теңге тауып, барлық қарызды өтеген. Алайда халық тығыз орналасқан Жамбыл облысы, Нұр-Сұлтан қалаларында әлі қиындықтар бар екен. Мәдениет және спорт министрлігі бұны да алдағы уақытта бірлесіп шешеміз деп уәде беріп отыр.
Айта кетсек, қазір ARTSPORT бағдарламасымен республика бойынша 700 мың бала түрлі үйірмелерге жазылыпты. 26 мың жаттықтырушы, мұғалімдер жұмысқа тартылған. Ата-аналар да үйірменің ғұмыры ұзақ болғанын қалайды.