Мемлекеттік 3 мекемеде Ту мен Елтаңба жоқ
Жыл басынан бері Алматы бойынша Мемлекеттік рәміздерге қатысты ережені өрескел бұзған 18 мекеме анықталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Алматы арнасына сілтеме жасап.
Оның кейбірінде байрағымыз тұғырда кірлеген немесе жыртық күйінде желбіресе, мемлекеттік 3 мекемеде ту мен елтаңба атымен жоқ. Мұндай дерек Техникалық реттеу және метрология комитеті мен әкімдік өкілдерінің басқосуында мәлім болды. Одан бөлек, жиында рәміздерді қолданудың стандарттары мен бекітілген ережесі туралы айтылды.
«Ай сайын департамент қызметкерлері мен әкімшілік бірге жүріп, қалада орналасқан мемлекеттік органдардың ғимараттарын тексереді. Мемлекеттік ту, елтаңба дұрыс орналасқан ба, түнгі уақытта жарық түсе ме, мемлекеттік ту кір немесе жыртық емес пе? Соның барлығын бақылап жүреді», – деді ҚР СИМ Техникалық реттеу және метрология департаментінің бас маманы Әдемі Нысанбек.