Мемлекет басшысы Бас прокурор Берік Асыловты қабылдады

Автор: Azattyq Rýhy

Қаңтар оқиғасына байланысты тергеу амалдарының барысы туралы арнайы баяндалды

Мемлекет басшысы Бас прокурор Берік Асыловты қабылдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Берік Асыловтың Президентке берген мәліметтері:

  • жыл басынан бері прокуратура қабылдаған шаралардың нәтижесінде 7 мыңнан астам заң бұзушылық жойылған. Оның көбі мемлекеттік сатып алулар, денсаулық сақтау, экология және балалардың құқықтарын қорғау салаларында анықталған;
  • 10 мыңнан астам мемлекеттік қызметші мен квазимемлекеттік сектордың қызметкері әкімшілік және тәртіптік жауапқа тартылған
  • прокуратураның араласуынан кейін мемлекетке 8,4 миллиард теңге қайтарылған, 177 мыңнан астам еңбек құқығы қалпына келтірілген, сондай-ақ 1 миллиард теңгеден астам жалақы қарызы өтелген;
  • прокурорлар заңсыз ұсталған 596 азаматты босатып, 542 азаматқа қатысты шешімді қайта қарауды ұсынған. Соның ішінде сотталған 90 адамның жағдайы жақсартылып, 9 адам ақталған;
  • биыл прокурорлар 152 мың процессуалдық шешімді қайта електен өткізіп, 11,5 мыңнан астам қаулы заңсыз деп танылған және 1 мыңға жуық азаматтың қылмыстық процеске негізсіз тартылуына жол берілмеген;
  • жүргізілген тексерістер нәтижесінде өндірістегі 378 істің 36-сы тоқтатылған;
  • бизнеске кедергі жасау, құқық қорғау және басқа да мемлекеттік орган өкілдері тарапынан қызметін асыра пайдалану фактілері бойынша 12 сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысына қаңтар оқиғасына байланысты тергеу амалдарының барысы туралы арнайы баяндалды.

Бүгінде 489 азаматқа қатысты іс сотқа жолданған. 331 адам, негізінен ұрлық, тонаушылық, қару сақтау және ұрлау деректері бойынша сотталған. Тек 23 адамға қатысты бас бостандығынан айыру туралы нақты шешім шыққан, қалғандарына жеңіл жаза кесілген. Рұқсат етілмеген тергеу амалдары мен жаппай тәртіпсіздік кезінде қаза болғандарға қатысты істер ерекше бақылауға алынған.

Қасым-Жомарт Тоқаев қаңтар оқиғасының себебін жан-жақты тексеріп, оған кінәлілерді объективті түрде анықтау, сондай-ақ тергеу қорытындысы жөнінде жұртшылыққа тұрақты ақпарат беру қажет екенін атап өтті.