Қазақстанда ең жас аналар қай өңірлерде тұрады

Автор: Мира Байбек

Елімізде әйелдер тұңғышын орташа есеппен, 25 жасында дүниеге әкеледі

 

 

Фото: freepik.com

Қазақстандық әйелдер тұңғышын орта есеппен, 25 жасында дүниеге әкеледі. Ең жас аналар Түркістан облысында тұрады: бұл өңірде бірінші сәбиін дүниеге әкелген әйелдердің орташа жасы 22,5 жасты құрап отыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі Ranking.kz-ке сілтеме жасап.

2021 жылы республика бойынша жаңа туған нәрестелердің ең көбі Түркістан облысында тіркелді – жылына 65,1 мың нәресте және өткен жылмен салыстырғанда 6,2 пайызға артқан. Үздік үштікке Алматы облысы – 55,2 мың нәресте және Алматы қаласы – 37,9 мың нәресте тіркелді.

Тақырыпқа орай: Қазақстанда барлығы қанша бала тұрады – статистика

Ең аз бала дүниеге келген өңір – Солтүстік Қазақстан облысы – небәрі 6,5 мың бала туған. Бала туу көрсеткішінің өсімі бойынша Шымкент рекорд орнатты – жылына 11,5 пайызға өсіп, 35,4 мың балаға дейін жетті.

«Өткен жылы туған сәбилердің жартысын 29 жасқа толмаған аналар дүниеге әкелген. 25 пен 29 жас аралығындағы келіншектер – 137 мың бала, 24 жасқа дейінгілер 98 мың бала босанған. Сондай-ақ 20 жасқа дейінгі аналар 14 мың сәбиді дүниеге әкелген. Сондай-ақ 30-34 жас аралығындағылардың туу көрсеткіші ең жоғары көрсеткішке жетіп, 116,6 мың баланы өмірге әкелді», - дейді мамандар.

2021 жылы босанған аналардың орташа жасы 29,5-ды құрады, бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда (29,3 жас) біршама жоғары. Тұңғышын дүниеге әкелген аналардың орташа жасы 25,2 жасты құрайды.

Тақырыпқа орай: Халықаралық балаларды қорғау күнінде елордада 80-ге жуық нәресте дүниеге келді

Өңірлер арасында ең жас аналар Түркістан облысында тұрады: бірінші сәбиін босанғандардың орташа жасы 22,5 жасты құрайды. Бұл рейтингте екінші орында Шымкент қаласы – 23,9 жас, үшінші орында – Жамбыл облысы (24 жас) тұр. Алматы қаласының тұрғындары (28,1 жаста), сондай-ақ Нұр-Сұлтан қаласы мен Алматы облысының тұрғындары бала тууға асыға бермейді.