Шығыс Қазақстанда 6 жасар бала бетон плиталардың арасына қысылып қалды

Автор: Azattyq Rýhy

Зардап шегуші ауыр жарақат алған жоқ

ШҚО ТЖД баспасөз қызметі

Шығыс Қазақстанда ойнап жүрген бала бетон плиталардың арасына қысылып қалды. Бұл туралы ШҚО ТЖД баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Оқыс оқиға Тарбағатай ауданының Ақсуат ауылында орын алды. Алты жасар балаға құтқарушылар мен жергілікті тұрғындар көмекке келді.

«Бала көшеде ойнап жүріп, бетон плиталардың арасына түсіп кетіп, қайта шыға алмай қалды. №18-ӨСБ қызметкерлері мен жергілікті тұрғындар көмекке шұғыл жетті. Алдымен олар бетонды бөлшектеу үшін жүк тиегіш техника мен кранды алдырмақ болды. Алайда бала жылап, ойланып жатуға уақыт болмады», - делінген хабарламада.

№ 18-ӨСБ көлік жүргізушісі Дархан Байғалиев пен "ДК жобасы" ұстасы Азамат Дүзеев ақырын, баппен қимылдап қысылған баланы суырып алды. Дәрігерлердің айтуынша, зардап шегуші ауыр жарақат алған жоқ, тек сырылулар болмаса.