Қазақстанда Toyota Camry мен Toyota RAV4 көліктері сатылмайтын болды

Автор: Azattyq Rýhy

Бұған Санкт-Петербургтегі Toyota зауыты жұмысының тоқтатылуы себеп

Фото: motor1.com

Қазақстанда Toyota Camry және Toyota RAV4 автомобильдерінің сатылымы тоқтатылды. Бұл туралы Azattyq Rýhy «Тойота Мотор Қазақстан» компаниясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Бұл модельдердің cатылымнан алынуына Санкт-Петербургтегі Toyota зауыты жұмысының тоқтатылуы себеп. Бұған дейін көліктер сол жерден өндіріліп, Қазақстанға жеткізілетін. Бүгінде автомобиль компоненттерін жеткізудің кешіктірілуіне байланысты өндіріс тоқтатылды.

«Тойота Мотор Қазақстан» автокөлік тапшылығына байланысты жағдай уақытша сипатқа ие деп хабарлайды. Компания баламалы шешімдерді іздеумен айналысады. Бұл Toyota RAV4 және Toyota Camry модельдерінің жоғары сұранысын қанағаттандыруға мүмкіндік береді деп санаймыз», - деп хабарлады компанияның баспасөз қызметі.

Қазақстандық автобизнес қауымдастығының дерегінше, 2021 жылы ең көп сатылған көліктердің ішінде Toyota үштікке енді. Жапон маркасының дилерлері 13,8 мыңнан астам автомобиль сатқан. Оның ішінде Camry моделі 5599 рет саудаға түскен.