Балалардың ең кішісі – 4-5 айлық сәби
Ақтауда көпқабатты үйдің жертөлесінен өрт шықты. Полицейлер үш бүлдіршінді өрттен құтқарды. Бұл туралы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Мәліметке сүйенсек, 28 мамыр күні түскі уақытта 34 шағынаудандағы үйлердің бірінен өрт шыққаны жөнінде шақырту түскен. Шақыртуға құрамында полиция аға лейтенанттары Рыскелді Маденов пен Жанболат Орынбасаров болған патрульдік полиция батальонының «Сұңқар-9» жасағы барды.
Полиция қызметкерлері оқиға орнына жеткенде тұрғындардың барлығы дерлік үйден шыққан екен. Алайда, әйел адам тәртіп сақшыларынан көмек сұрап, дүкенге кеткенде үйдің ішінде үш баласы қалғанын, олардың ең кішісі 4-5 айлық екенін айтып, оларды алып шығуын өтінген.
Анықталғандай өрт сол подъездің жертөлесінен шыққан. Рыскелді балалардың анасынан кілтті ала сала, шапшаң қимылдап, дымқыл сүлгіні алып балалар кілттенген пәтерге қарай бет алды. Кішкентай сәбидің бетіне дымқыл сүлгіні жауып, басқа балаларын үйден шығарып, аман-есен анасына табыстады.