Павлодар облысында жеті жасар бала ракты жеңіп шықты
Операциядан соң ұзақмерзімді ем-дом шаралары жүргізілді

Павлодар облысында жеті жасар бала ракты жеңіп шықты. Ішектің қатерлі ісігі ерте анықталып, ем-шара дер кезінде басталған. Операция кезінде павлодарлық дәрігерлер алматылық онкологтармен кеңесіп отырды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Хабар 24 арнасына сілтеме жасап.
Осылайша, операция екі сағатқа созылып, сәтті аяқталды. Кішкентай науқас химитерапияның бес курсынан өтті. Кезекті медициналық тексеріс кезінде ісік белгілері байқалмаған, жағдайы тұрақты. Әзірге дәрігерлердің бақылауында болады. Бала биыл мектеп табалдырығын аттауға дайындалып жатыр.
«Операциядан соң ішектің қатерлі ісігі анықталды. Онкологтармен шұғыл кеңес өткізіп, емдеу тактикасын белгіледік. Операциядан соң ұзақмерзімді ем-дом шаралары жүргізілді. Баланың жағдайы тұрақталды. Ремиссия барысында әріптестеріміздің жіті бақылауында болады», - деді балалар хирургі Ерлан Рамазанов.
Айта кетейік, облыс бойынша диспансерлік есепте 100-ге жуық жасөспірім тұр.
«Хирургиялық кезең аяқталған соң науқас республикалық Ана мен бала орталығына жіберілді. Онда химиятерапия курсынан өтті. Пациент ем-дом шараларының барығын міндетті медициналық сақтандыру аясында тегін алды. Медициналық тексеру мен сараптамалардың барлығы тегін», - деді облыстың штаттан тыс балалар онкогематологы Ольга Ким.