Қазақстандық 6 турист Қырғызстан шекарасын заңсыз өткен

Автор: Azattyq Rýhy

Туристерге қатысты қылмыстық іс қозғалды

Фото ашық дереккөзден

Қазақстандық 6 турист тауға жорық кезінде Қырғызстан шекарасын заңсыз өткен. Бұл туралы ҚР ҰҚК ШҚ Алматы облысы департаментінің Қарасай ауданы бойынша шекара басқармасы мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

"2021 жылы шекара қызметі мемлекеттік шекарадан 6 заңсыз өту дерегін тіркеді. Адамдар туристік мақсатта Алматы асуы арқылы Үлкен Алматы шатқалына шыққан. Оған барар жолда мемлекеттік шекарадан 300 метр қашықтықта орналасқан Алматы көліне барған. Көл географиялық жағынан Қырғыз Республикасының аумағында орналасқан", - делінген хабарламада.

6 адамға қатысты Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасын бұзғаны үшін ҚК-нің 392-бабы 1-бөлігіне сәйкес қылмыстық іс қозғалды.