Қарағанды облысында құс фабрикасынан 17 тонна жем ұрлағандар ұсталды

Автор: Azattyq Rýhy

Келтірілген шығын көлемі 2 млн 500 мың теңге

фото: qazaqstan.tv

24 мамырда Топар қаласы полиция бөліміне құс фабрикасының басшылығы хабарласып, 17 тоннадан астам құрама жем ұрланғанына шағымданған. Полицейлер бұл факті бойынша екі күдіктіні ұстады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Қарағанды облысы Полиция департаментіне сілтеме жасап.

Жедел-тергеу тобының қызметкерлері оқиға орнына келіп, фабриканың периметрі бойынша орналасқан бейнебақылау камераларының жазбаларын тексерді. Жазбадан контейнерлерді әкелген жүк көліктері құс фабрикасы аумағынан өте ауыр жүкпен шығып жатқаны байқалған. Тауарларды босату туралы құжаттарды тексергенде бұл күні ешқандай жүк тиелмеген болып шықты. Сонымен қатар екі жүк көлігінен құрама жемнің шашылып жатқаны камераға түсіп қалған.

Полицейлер анықтағандай, 2 мамыр күні 32 және 30 жастағы жүк тасымалдаушылар өз көліктерімен 12 тоннаға жуық құрама жемнің алғашқы партиясын алып кеткен. Одан кейін 5 мамырда қайтадан құс фабрикасына келіп, бұл жолы 5 тоннадан астам өнім әкеткен.

Күдіктілердің айтуынша, олар тек екеуі бірге жұмыс істеген. Қаптарды өздері тиеп, жұмысшылардың күдігін тудырмауға тырысыпты. Күзетшілерге демаламыз деп айтып, кешке дейін қоймада ұйықтаған. Бос жүк көлігін күзет ауысымы тексермейтінін біліп осныдай әрекетке барған.

Бұл факті бойынша қазір ҚР ҚК 188-бабымен тергеу амалдары жүріп жатыр.

Тегтер: