Солтүстік Қазақстанда 3387 түлек мектепті аяқтады

Автор: Эльмира Мәмбетқызы

Екі жылдық пандемиядан кейін алғаш рет салтанатты жиын дәстүрлі форматта өттІ

Солтүстік Қазақстан мектептерінде де соңғы қоңырау соғылды. Екі жылдық пандемиядан кейін алғаш рет салтанатты жиын дәстүрлі форматта өтті. Облыс бойынша 3387 түлек оқу жылын аяқтады. Олардың алдында үлкен сынақ – ҰБТ тұр. Биыл өңірде тестілеу емтиханын 2517 адам тапсырмақ, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Биылғы түлектердің 203-і үздік аттестаттан, 140-ы «Алтын белгіден» үміткер. Солардың бірі Қызылжар ауданындағы Қызылжар Абай орта мектебінің түлегі - Валерия Грабовская.

«11 жыл бойы білім алған мектебімді қимай тұрмын. Ұстаздарымды сағынамын. Бізге сапалы біліммен қатар, саналы тәрбие бергендері үшін мың алғыс! Қазір біз үшін қарабалас шақ. ҰБТ-ға дайындалып, арасында соңғы қоңырау мерекесінің әзірлігіне де көңіл бөлдік. Алда тұрған сынақтан сүрінбей өтіп, елімнің болашағы үшін қызмет етсем деймін. «Алтын белгі иесі» атану үшін көп еңбектену керек. Бұл бірінші кезекте ата-анам мен мұғалімдерім алдындағы жауапкершілік», - деді Валерия.

Түлектер мектепке өз қолдарының таңбасы басылған картина сыйға тартып, өздерінен кейінгі буынға бұл дәстүрді жалғастыруды аманат етті. Айтуларынша, осылайша әр түлек өзінің алтын ұясына осындай естелік қалдыруы тиіс.

«Сіздер үшін өмірдің жаңа кезеңі басталғалы тұр. Жауапты әрі қызық кезең. Мектепте алған білімдеріңізді пайдалана біліңіздер. Мектебіміздің есігі сіздер үшін әрдайым ашық. Өздеріңіз қалаған оқуға түсіп, армандағы мамандық иесі атануларыңызды тілеймін», - деді түлектерді құттықтаған мектеп директоры Әділбек Ысмағұлов.

Солтүстік Қазақстан мектептерінде 74 мыңнан астам бала білім алып жүр. Олар үшін мамырдың 26 мен 17 маусым аралығында жазғы мектеп жұмыс істемек. ҰБТ мерзімі 16 мамырдан бастап, 5 шілдеге дейін жалғасады. Талапкерлер емтихан тапсыратын күнді өздері таңдауға құқылы.