СҚО-да 5 тонна чипс тиелген жүк көлігі аударылып қалды

Автор: Эльмира Мәмбетқызы

Жүк көлігі көршілес Ресейдің Новосібір қаласынан шыққан

Солтүстік Қазақстанда 5 тонна чипс тиелген фура аударылып қалды. Қызылжар ауданындағы Кондратовка ауылының маңында ақтөбелік жүргізушінің жүк көлігі бес сағат бойы жолда жатыпты. Бұл туралы Azattyq Rýhy Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Көршілес Ресейдің Новосібір қаласынан Қостанай облысына бет алған «MAN» жүк көлігін 43 жастағы жүргізуші жүргізген. Жолаушы Қызылжар ауданына жеткенде Кондратовка ауылына бұрылыстан 1 шақырым жерде фура аударылып қалған. Оған қозғалтқышта күтпеген жерден пайда болған ақау себеп болған.

Сол маңнан өтіп бара жатқан жүргізушілер бұл туралы жол сақшыларына хабарлаған. «Челябі-Новосібір» автожолында патрульдеуде жүрген патрульдік полиция батальонының қызметкерлері аға лейтенант Әділ Қазиев пен капитан Серік Сейпиев жол-көлік оқиғасы болған жерге жылдам келіп жетті. Полицейлер Мамлют ауданынан «Қазавтожол» ЖШС ауыр техникасын көмекке шақырды. Алайда жолдан шығып кеткен жүк көлігін шығару оңай болмады. Бұл уақытта облыс орталығынан тәртіп сақшылары шақырған «КамАЗ»-ға орнатылған кран келіп жетті. Рефрижератор-фураның алдыңғы және артқы бөліктерін ажыратып шығаруға тура келді. Барлық жұмыстар 21:00-ге таман аяқталды.

«Оқиға туралы хабарды алған соң бірден жүргізушіге аттандық. Көмек ұйымдастырып, жол қауіпсіздігін қамтамасыз еттік. Жүргізуші біздің өңірдің тұрғыны емес, кімге және қайда жүгінуді білмеген. Қиындыққа тап болған әр адамға жәрдемдесу – міндетіміз», - дейді патрульдік полиция батальонының инспекторы Әділ Қазиев.

Жүргізуші көлікті шығаруға қатысқандардың бәріне алғысын білдіріп, келесі күні кешкісін ақауларын реттеген соң сапарын жалғастырды.