Бағдарламаға төрт санат бойынша кезекте тұрған қазақстандықтар қатыса алады
Отбасы банк жалға берілетін тұрғын үй ақысын субсидиялауға қатысты өтініштерді қабылдауды бастады. 18 сәуірден бастап жалға алу ақысын субсидиялау бағдарламасына қатыса алатын 70 мың үміткердің 61 мыңына өтініш беруге SMS-шақырту жіберілді. Бұл туралы «Отбасы банк» АҚ басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова ОКҚ-да ұйымдастырылған брифингте мәлім етті.
Өтініштер банктің ресми сайты арқылы электронды түрде қабылданады. Бағдарламаға төрт санат бойынша кезекте тұрған қазақстандықтар қатыса алады. Бірінші санат – 1,2 топтағы мүгедектер; екінші санат – мүмкіндігі шектеулі балалары бар немесе оларды тәрбиедеп отырған отбасылар; үшінші санат – жетім және ата-анасының қамқорлығынан айырылған балалар, төртінші санат – көпбалалы отбасылар.
«Жалдау ақысын субсидиялауға үміткерлер қатарындағы отбасылардың соңғы алты айдағы орташа жиынтық табысы отбасының әрбір мүшесіне шаққанда ең төменгі күнкөріс деңгейінен аспауы тиіс. Бағдарлама басталған уақыттан бері барлығы 19 750 өтініш қабылданды, оның 6 392-і – бірегей өтініштер. Олардың ішінде 3 044 өтініш мақұлданды. 743 өтініш бойынша қатысушының немесе оның отбасы мүшелерінің деректері тексерілуде. 1 076 өтінішті қатысушылардың өздері жойған», - деді Ләззат Ибрагимова.
Сонымен қатар, 7 993 өтініштің кері қайтарылғаны белгілі болды. Оған бірқатар себеп түрткі болған.
«Өтінішті кері қайтарудың себебі әртүрлі. Басым көпшілігі – тіркеу кезінде SMS арқылы жіберілген кодты енгізбеген қатысушылар. Кейбірінің жеке куәлігінің мерзімі өтіп кеткен, тағы біршама азаматтың атында жылжымайтын мүлік бар екені анықталған. Қалғандарының өтініші Мемлекеттік кірістер комитетінде қарызы бар болуына немесе төлем талап-тапсырмалары берілгеніне байланысты қабылданбады», - деді Басқарма Төрайымы.
Ләззат Ибрагимованың айтуынша, кей азаматтардың отбасы мүшелерінің табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен жоғары болған, енді бірі eGov деректер базасынан табылмаған, арасында отбасы мүшелері туралы деректер табылмағандары да бар. Өтініш берушілердің ішінде кезекте тұрғаны расталмаған адамдар да кездесті. Сондай-ақ SMS жіберу/алу мүмкін болмаған, отбасылық жағдайы дұрыс көрсетілмеген, деректерді өңдеу келісіміне қол қойылмаған және техникалық себептерге байланысты өтініші қабылданбаған азаматтар да болды.