Ләззат Ибрагимова БЖЗҚ-дан қазақстандықтардың шотына қанша теңге аударылғанын айтты
БЖЗҚ-дағы Біржолғы зейнетақы төлемін пайдалану жүйесі жұмысын тұрақты түрде жалғастырып жатыр. Бұл туралы «Отбасы банк» АҚ Басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова ОКҚ-да өткен брифингте мәлімдеді.
Өз сөзінде Басқарма төрайымы бағдарлама іске қосылғалы жеткілікті шегі күрт өскенге дейін БЖЗҚ-дан қазақстандықтардың шотына қанша теңге аударылғанын айтты.
«2021 жылдың 23 қаңтарынан бастап 896 549 қазақстандық Enpf-otbasy.kz порталын пайдаланды. Бұл шамамен 97-98 пайыз көрсеткішті құрайды. Бұдан өзге, Халық банкі, Банк центр Кредит және Сбербанк арқылы қызметтерді пайдаланғандар да болды.
Өтініш білдірушілердің шотына жалпы сомасы 2 трлн 800 млрд теңге аудардық. 263 133 адам ақшасын медициналық мақсатта пайдаланды. Сондай-ақ біржолғы зейнетақы төлемін шетелдік клиникалардағы емге де қолдануға рұқсат берілді. Бірақ бір қызығы, бес өтініш беруші ғана бұл мүмкіндікті пайдаланды. Қалғандарының бәрі отандық клиникаларды таңдады. Сондықтан қаражаттың басым бөлігі ел ішінде қалды. Қалған қазақстандықтар қаражатын үй жағдайын жақсарту мақсатында қолданды», - деді Ибрагимова.
Белгілі болғандай, бүгінде біржолғы зейнетақы төлемін пайдаланушылар саны сәуір айына дейінгі көрсеткішке қарағанда едәуір азайған.
«Сәуір айында наурызда келіп түскен өтініштерді қарастырумен айналыстық. Қазір шамамен 10 млрд теңге аудардық. Аптасына орта есеппен 400-дей өтініш келіп түсіп жатыр. Олар – зейнетақы жинағының жеткілікті шегінен асқан соманы алуға өтініш беретіндер. Бірақ олардың алған ақшасы көп емес. Жүйе жұмыс істеп, адамдар оны пайдаланып жатыр. Бірақ өтініш берушілер саны күрт төмендеді. Себебі жеткілікті шек өсті», -деді «Отбасы банк» АҚ Басқарма төрайымы.