БҰҰ: Дүниежүзінде мәжбүрлі түрде қоныс аударғандар саны 100 миллионға жетті

Azattyq Rýhy

БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі Жоғарғы комиссары мұның дабыл қағарлық көрсеткіш екенін айтты

БҰҰ: Дүниежүзінде мәжбүрлі түрде қоныс аударғандар саны 100 миллионға жетті
Фото: news.un.org

Біріккен Ұлттар Ұйымының Босқындар ісі жөніндегі Жоғарғы Комиссарының басқармасы (UNHCR) өз үйін мәжбүрлі түрде тастап кеткендер саны туралы жаңа деректерді «дабыл сигналы» деп атады. Украинадағы жағдай мен басқа да қақтығыстардың салдарынан әлемде ішкі босқындардың саны алғаш рет жүз миллионға жетті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

БҰҰ баспасөз қызметінің мәліметінше, Ұйымның Адам құқықтары жөніндегі Жоғарғы комиссары Филиппо Гранди қақтығыстарды бейбіт жолмен шешу үшін көбірек әрекет етуге шақырды.

«100 миллион – алаңдатарлық әрі ой саларлық өте үлкен көрсеткіш. Мұндай көрсеткіш ешқашан болмаған еді. Бұл көрсеткіш жойқын қақтығыстарды шешу және алдын алу, қудалауды тоқтату және жазықсыз адамдарды үйлерін тастап кетуге итермелейтін себептерді жою үшін селт еткізер қоңырау үніндей болуы тиіс», - дейді Гранди.

БҰҰ БЖКБ мәліметінше, өткен жылдың соңында мәжбүрлі қоныс аударғандар саны 90 миллионға жеткен. Оған әсіресе Эфиопия, Буркина-Фасо, Мьянма, Нигерия, Ауғанстан және Конго Демократиялық Республикасындағы жағдайдың шиеленісуі айрықша ықпал еткен.

Сондай-ақ жыл басынан бері Украинадағы қақтығыс 14 миллион адамды үйін тастап қашуға мәжбүр етті: сегіз миллион украиндық өз елінен пана тапса, тағы алты миллионға жуық адам елден шығып кетті.

100 миллион – дүниежүзі халқының бір пайызынан астамы. Егер ол босқындар бір елде тұрса, саны жағынан әлемде 14-орын алар еді. Бұл сан босқындар мен баспана іздеушілерді және 53 миллионнан астам елішілік қоныс аударушыларды құрайды.

«Халықаралық қауымдастықтың көпшілігі Украинадағы қақтығыстан қашқан адамдарға оң қарайды. Демек, адамдар бойындағы жанашырлық сезімі ұмыт бола қоймаған. Мұндай жанашырлық дүниежүзіндегі барлық дағдарысқа бірдей жұмыла білуде қажет етіледі. Дегенмен, гуманитарлық көмек – түпкілікті шешім емес, паллиатив қана. Жағдайды шынымен жақсарту үшін бейбітшілік пен тұрақтылық қажет. Тек сонда ғана жазықсыз адамдар үйде қалып қауіп-қатерді бастан кешіруді немесе сақтық танытып қашып шығуды ойлап, бас қатырмас еді», - дейді Гранди.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.