Петропавлда ХІХ ғасырда салынған мешіт қалпына келтірілуде

Автор: Эльмира Мәмбетқызы

Қазір құрылыс жұмысы қарқынды жүріп жатыр

фото: azattyq-ruhy.kz

Петропавлда ХІХ ғасырда салынған көне мешіт қалпына келтірілуде. Жарамсыз күйге түскен тарихи ескерткіш 80 жыл бойы зауыт қоймасы ретінде пайдаланылып келген болатын. Қазір құрылыс жұмыстарының 40 пайызы орындалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

ХІХ ғасырда Петропавлда 9 мұсылман мешіті болған. Алтауы тастан қаланса, 3-і ағаштан салынған. Киров зауыты аумағындағы нысан қалпына келтірілуде. Құрылыс жұмыстары аяқталғаннан кейін мешіт – ислам мәдениетінің музейіне айналады.

«Архив-2025» бағдарламасының аясында аталған мешіттің тарихына байланысты құжаттар 5 жылға жуық уақыт бойы Ресейден жинастырылған. Тарихи деректерге сүйенсек 1795 жылы Петропавлда алғаш рет тастан мешіт салыныпты. 1849 жылы қатты өрт болып, ағаштан салынған мешіттер жанып кеткен.

 «1847 жылы мұсылман мешіттерін салу жөнінде типтік жоба қабылданған. Ал Батыс-Сібір генерал-губернаторының ұсынысы бойынша, мешіт жобасын халық жасаған. 1855 жылы осыған рұқсат қойылып, бекітіледі», - дейді СҚО мемлекеттік архивінің директоры Сәуле Мәліков.

Осылайша араға екі жыл салып, мешіттің құрылысы қолға алынды. Жұмыстарды жүргізу үшін жергілікті кәсіпкерлер өз қалтасынан 10 мың рубль бөлген. Кейін 1870 жылы ғимараттың жанынан медресе салынады. Оның қаржысын Давлеткильдеев деген көпес өз мойнына алады. 1930 жылы мешіттер жабылып, олар пионер клубтарына, ойын-сауық орталықтарына айналады. Алайда, 1942 жылы Киров зауыты бұл ғимаратты қойма ретінде пайдалана бастайды. Дегенмен, оның ғимарат жоспары сол қалпында сақталған.

 «Ғимараттың бастапқы кейпін сақтап қалу басты міндетіміз. Бұл мешіттің ерекшелігі 165 жыл бұрын салынса да мұнарасы сол қалпы сақталған. Құрылыс жұмыстарын іске асыру барысында мінбер, намаз оқу залын және басқа да бөлмелерді қайта қалпына келтіреміз. Бірақ кейін мәдениет басқармасына тапсырылып, бұл жерде ислам мәдениетінің музейі болмақ», - дейді жоба авторы Болат Әсербеков.