Елімізде «Жеңілдікпен автонесиелеу» бағдарламасы бойынша 34 автокөлік сатылды
Бағдарлама басталғаннан бері 4 834 жеке тұлғаның өтініші қанағаттандырылды

Елімізде 16 мамырдан бастап «Жеңілдікпен автонесиелеу» бағдарламасы қайта іске аса бастады. Жобаның алғашқы аптасының қорытындысы жарияланды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Орталық коммуникациялар қызметі алаңында ұйымдастырылған брифинг барысында «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Жанар Ибрашева статистикалық мәліметтерді жариялады.
«Бағдарлама басталғаннан бері 14 507 өтінім қабылданып, 35,7 млрд теңге сомасына екінші деңгейлі банктер арқылы 4 834 жеке тұлғаның өтініші қанағаттандырылды. Қазір сатып алынған автокөліктер саны – 34 бірлік. Оның ішінде Нұр-сұлтан – 11, Алматы – 4, Ақтөбе облысы – 3, Алматы облысы – 1, БҚО – 1, Жамбыл – 4, Павлодар – 4, Шымкент – 6 авто», - деді Жанар Ибрашева.
Айта кететін жайт, 2015 жылы алғаш рет іске асырылған жобаның бұған дейінгі операторы «Қазақстан даму банкі» болса, қазір бұл міндетті «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ өз мойнына алды.
Қазіргі уақытта жеңілдетілген автонесие екінші деңгейлі үш банк арқылы беріліп жатыр. Ал дәл бүгін олардың қатарына тағы бір банк қосылмақ.