Қарағанды облысындағы цемент зауытында еңбек дауы ушығып тұр

Автор: Azattyq Rýhy

Жұмысшылар комиссия келе қалса басшылар цехтың жұмысын уақытша тоқтатып қояды дейді

фото: voxpopuli.kz

Қарағанды облысының Ақтау кентіндегі цемент зауытында түсірілген бейнежазба әлеуметтік желіге жылдам тарап, қоғам арасында қызу талқыланған болатын. Онда жұмысшылар еңбек қауіпсіздігінің сақталмайтынын әрі жалақының аз төленетіндігін айтады, деп хабарлайды Хабар арнасы.

Жергілікті қоғам белсендісі Сергей Мұхамеджанов Ақтау кентінің цемент зауытында түсірілген видеоны әлеуметтік желіге жүктеп, еңбек жағдайын әшкерелейді. Айтуынша, адамдар осындай шаң-тозаңда жұмыс істеуге мәжбүр. Өзі де осында 10 жыл еңбек етіпті.

«Бұл жағдай цемент ұнтақтайтын цехта болған. Ол жерде екі ауысымды қоса есептегенде 80-ге жуық адам еңбек етеді. Респиратор кигенмен, еш көмегі жоқ. Жұрт жұмыс арасында терезеге барып ауа жұтады. Ең сорақысы, егер комиссия келе қалса, басшылар ол цехтың жұмысын уақытша тоқтатып қояды. Тексеру аяқталған соң қайтадан іске қосады», дейді қоғам белсендісі Сергей Мұхамеджанов.

Түсірілім тобы зауыттың еңбек жағдайын көзбен көруге ішке енуге талпынғанымен есікті торуылдаған күзетшілер табалдырықтан әрі кіргізбеді. Басшысы да сыртқа шығып, түсінік беруден бас тартты. Дегенмен өткен жылдың қараша айында санитарлық дәрігерлер зауытқа жоспарлы тексеріс жүргізіпті. Ал ондай кезде заң бойынша 30 күн бұрын ескерту жасайды екен.

«Кәсіпкер еңбек жағдайын жақсарту үшін бірқатар шараларды қолға алғанмен, біздің мамандар тексеріс кезінде заңбұзушылықты анықтады. Гигиеналық және санитарлық талаптар сақталмаған. Зауытта шаң-тозаңның мөлшері тым көп», - деді Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бөлім басшысы Галина Сусметова.

Арнаға жазылған арыз хатта жұрт жалақының аздығын да сөз еткен. Теміртау әкімдігі биыл 35% көтердік деп ақталғанмен, жұмысшылар оған қанағаттанбай отыр.

«Жалақымды 20 мыңға көтерді. Ол не болады. Қазір мен қолыма 178 мың аламын. Өндірісте еңбек ететін машинист үшін бұл өте аз деп есептеймін», деді зауыт қызметкері Евгений Волына.

 «Жақсы ұсыныс түскендер жұмыстан кетіп қалды. Тек біздің ұжымнан 4 жігіт шықты. Олар қолдарына 160-180 мың теңге алып келген. 250 мыңға көтеруді сұрады. Бірақ басшылар келіскен жоқ. Енді босаған орынға ешкім келіп жатқан жоқ. Жалақы тым аз», – дейді зауыт қызметкері Дмитрий Марчишин.

Цемент зауыты – Ақтау кентіндегі ең ірі кәсіпорын. Елді мекендегі 7 мың халықтың әрбір оныншысы осында еңбек етеді. Зауыттың құрылтайшылары – малазиялық инвесторлар. Қазір қордаланған қаржы мәселесін шешу үшін үшжақты комиссия құрылды. Оның құрамына белсенді жұмысшылар, әкімдік өкілдері, компания басшылары еніп отыр.

«Орташа жалақысын айтып кетсек, ол кезде жалпы қара жұмыскер дейміз ғой, олардың өздері 90-100 мыңға жуық айлық алып жүрген. Қазіргі таңда біз талдау жасадық, ол айлық 140-150 мыңға дейін көтерілді. Әрине, өздеріңізге белгілі инфляция бар. Осы үш жылда кәсіпорын басшылары бізге арнайы жоспарды көрсетті. Инфляцияға сәйкес жалақы тағы көтерілетін болады», дейді Теміртау қаласы әкімінің орынбасары Самат Зияшев.

 Санитарлық дәрігерлер өткен жылғы тексерістен соң кәсіпорын қожайындарына ескерту жасап, олқылықтарды жоюға уақыт берген. Енді мамыр айының соңында соның нәтижесін тексереді. Егер ештеңе өзгермесе, сотқа жүгінбек.