Ол көпқабатты тұрғын үйдің терезесінен секірмек болған
Ақтаулық полицейлер көпқабатты тұрғын үйлердің бірінің бесінші қабатынан секірмекші болған әйелді құтқарды. Бұл туралы Azattyq Rýhy Маңғыстау облысы Полиция департаментіне сілтеме жасап хабарлайды.
Оқиға 20 мамырда сағат 12:00 шамасында болды. Полиция инспекторы бейнебақылау камерасы арқылы көпқабатты үйдегі терезенің шетінде әйелдің отырғанын байқап қалған. Көрсетілген мекенжайға жақын маңдағы патрульдік бригада дереу жетіп, әйелді құтқарып қалды.
«Полиция қызметкерлері ішке кіріп оны пәтерге қайтарды. Оқиға орнына жедел жәрдем шақырылды. Әйел адам медициналық мекемеге орналастырылды», - деп хабарлады Маңғыстау облысының Полиция департаменті.