Талап етілмеген сома салымшының зейнетақы шотына аударылады
«Capital Bank Kazakhstan» АҚ салымшыларына кепілдік берілген өтемді төлеу 2022 жылдың 3 шілдесінде аяқталады. Бұл туралы Azattyq Rýhy Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорына сілтеме жасап хабарлайды.
Аталған банктің салымшылары кепілдік берілген депозиттер бойынша өтем сомаларын «Еуразиялық банк» АҚ агент банкінің бөлімшелері арқылы және онлайн түрінде ала алады.
«Онлайн өтінішті Қор төлемдерінің электрондық порталы арқылы жылдам беруге болады. Сондай-ақ мұнда төленуге жататын соманы және өтініштің орындалу барысын қадағалауға мүмкіндік бар. Онлайн өтініш беру үшін салымшының электрондық цифрлық қолтаңбасының өзекті кілті болуы шарт. Әрі қарай бейне-тексеруден өту қажет. Бұл ретте SMS-кодты алу үшін салымшылар ұялы телефондарын мобильді азаматтар базасына тіркеуі керек. Өтінішті онлайн беру бойынша толық нұсқаулық ҚДКБҚ сайтында қолжетімді», - деді ҚДКБҚ төрағасы Әділ Өтембаев.
Атап өту керек, өтінішті онлайн беру банк шоттарының, төлем карточкалары мен салымдардың иелеріне ғана қолжетімді. Сәйкесінше салымшының заңды өкілдері, мұрагерлері немесе басқа да құқық иеленушілері тікелей агент банкке жүгінеді. Бұл ретте ҚДКБҚ сайтында орналастырылған тізімге сәйкес растаушы құжаттарды ұсынады.
Кепілдік берілген өтемді төлеу мерзімі (2022 жылдың 3 шілдесі) аяқталған соң, «Capital Bank Kazakhstan» АҚ салымшыларының талап етпеген сомалары олардың Бірыңғай жинатаушы зейнетақы қорында ашылған жеке зейнетақы шоттарына ерікті зейнетақы жарналары ретінде аударылады. Өтем ақшаны аудару «Қазақстан Республикасының екiншi деңгейдегі банктерiнде орналастырылған депозиттерге мiндеттi кепiлдiк беру туралы» Заңына сәйкес төлем мерзімі аяқталған күннен бастап, күнтізбелік 30 күн ішінде, яғни соңғы күнін қоса алғада 2022 жылдың 2 тамызына дейін жүзеге асырылады.
«Дәлелді себептермен 2022 жылдың 3 шілдесіне дейін өтем алуға өтініш беріп үлгермеген, оның ішінде талап етпеген ақшалары БЖЗҚ-ға аударылған салымшылар жазбаша өтінішті тікелей Қорға беру арқылы өтем сомаларын алуға құқылы. Олардың қолында дәлелді себептерін растайтын құжаттары болуы керек. Дәлелді себептердің тізімі «Қазақстан Республикасының екiншi деңгейдегі банктерiнде орналастырылған депозиттерге мiндеттi кепiлдiк беру туралы» Заңында қарастырылған», - деді Әділ Өтембаев.