Нұр-Сұлтанда 9-қабаттың терезесіне шығып алған үш жасар бүлдіршінді көршісі құтқарып қалған болатын
Нұр-Сұлтанда 11 мамыр күні 9-қабаттың балконынан құлайын деп тұрған үш жасар қызды Сәбит Шонтақбаевпен, Сағи Жылқышиевпен бірге құтқарып қалған үшінші жігіт табылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ол оқиға кезінде Сәбит шыққан терезені ұстап тұрыпты.
«Мен Сәбиттің аяғын қысып, жібермей ұстап тұрдым. Ал қасымдағы бір жігіт терезе жабылып кетпес үшін оны ашып, ұстап тұрды», - деген еді Сағи Жылқышиев оқиға болған күні.
Жұрт көзінен тасада қалған қаһарман туралы блогер Батыр жазды.
«Есімі Нұрайдын. 2003 жылы туған. Қызылорда облысы Қазалы ауданының тумасы. Астанада ағасының үйінде тұрады. Қазір Қарағанды университетінің Математика және ақпараттық технологиялар факультетінде 2-курста оқиды.
Дәл сол күні ол сессияға асығып бара жатқан. Бірақ сол сәтте Сағидың қасында терезені тіреп тұрған осы Нұрайдын болған екен. Сағи өзі де соңғы видеода қасымызда тағы бір жігіт болған дейді. Таптық. Қарапайым жігіт. Студент. Өзім түсемін деген жоқ. Өзім түсірейін дедім. Осындай жігіттерді ел біліп жүрсін дедім. Ата-анасы да қуанып жүрсін. Жарайсың Нұрайдын.
Бұл жігітке медаль, ешнәрсе керек емес! Ерекше құрметтің де керегі жоқ! Тек ел білсін деп көрсеттім», – дейді блогер.
Айта кетейік, 11 мамыр күні Нұр-Сұлтанда 9-қабаттың терезесіне шығып алған үш жасар бүлдіршінді көршісі құтқарып қалған болатын. Сол күні тәуекелге бел буып, 8-қабаттың терезесіне шығып құтқарып қалған Сәбит Шонтақпаевқа кәсіпкерлер үш бөлмелі пәтердің кілтін табыстаса, оны аяғынан ұстап, екі адамның өмірін қолында ұстаған досы Сағи Жылқышиевке екі бөлмелі үйдің кілтін сыйға тартқан болатын.