2021 жылы тұрғындары кедейлікте өмір сүрген өңірлердің ішінде Ақмола облысы үштікке енген болатын
Ақмола облысының Ішкі саясат басқармасы өзінің оң имиджін қалыптастыру үшін адал блогерлер іздейтін лот жариялады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Жуырда ғана Қазақстанның Ұлттық статистика бюросы 2021 жылы тұрғындары кедейлікте өмір сүрген облыстарды атады. Онда Ақмола облысы Түркістан мен Маңғыстау өңірлерінен кейін үшінші орын алған.
«2021 жылы кедейліктің ең жоғары деңгейі Түркістан және Маңғыстау облыстарында тіркелді. Үшінші орында Ақмола облысы», - деп жазды статистика бюросы.
Соған қарамастан, Ақмола облысының әкімдігі өзінің оң имиджін қалыптастыру үшін, жалпы, қандай да бір бағдарламаны халыққа түсіндіру үшін миллиондаған теңгенің тендерлерін жариялап жатыр.
Оң имидж қалыптастыру, әлеуметтік желілерде ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу және SMM қызметі үшін облыстық ішкі саясат басқармасы кеше, 18 мамырда 10,4 млн теңгенің лотын жариялады.
Лоттың техникалық сипаттамасына тоқталсақ.
Бұл лотты жеңіп алған тарап «жалпы алғанда айына 10-нан аспайтын пост, оның ішінде мемлекеттік органның қызметін ілгерілету тақырыбы бойынша материалдарға сілтемелері бар лидтерді (қысқартылған мәтін) жариялау» керек.
Тағы бір талабы – тапсырыс беруші туралы әлеуметтік желіде жазылған негативпен жұмыс істеу.
Ол аз десеңіз, осы лотты жеңіп алған адам адал блогерлерді іріктеп, брендтелген контент жасау үшін тапсырыс берушімен келісе отырып, 3 блогер таңдап алу керек.
Ал осы үш блогер таңдалған соң, Ішкі саясат басқармасы тағы да цензураға жол беріп, олар жариялайтын постардың өзін лотты жеңіп алған компанияға жаздыруды жөн көрген.
«Контент жоспар құру, блогерлер үшін Жарияланымдар дайындау – мемлекеттік органның имиджін қолдау үшін айына 6 позитивті пост жазу» деп талап қойып отыр бұл блогерлерге ішкі саясат басқармасы.
Міне, осындай имидждік лотқа маусымның екісіне дейін өтініш қабылданады. Келесі материалымызда Ақмола облысының әкімдігі «Жасыл ел» бағдарламасын түсіндіру үшін 80 млн теңгені қалай игеруді ойластырып отырғанын жазамыз.