38 жастағы тұрғын Нұрбол Дүйісовтің қажетті отаны ала алмай жүргеніне екі жылдай болған
Ақтөбе облысы Шалқар ауданында бүйрек жетіспеушілігі дертімен 30 жыл бойы күресіп келе жатқан 38 жастағы тұрғын Нұрбол Дүйісов еліміздің Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғинаятқызынан көмек сұрайды. Аталған дертпен сегіз жасынан ауыратын Нұрболдың бүгінде сүйектері қатты қозғалса сынып кететін жағдайға жеткен, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Шалқардағы №2 мектепте тәрбиеші болып, 2006 жылдан ауданның ішкі саясат бөлімінде 10 жыл бойы жастар ісімен айналысқан Нұрболды қала тұрғындары жақсы біледі. Денсаулығына байланысты 2017 жылдан бері белсенді өмірін жалғастыра алмай келеді.
«Қажетті отаны ала алмай жүргеніме екі жылдай болды. Себебі маған қажетті отаны Нұр-Сұлтандағы Н. Батпенов атындағы Ұлттық травматология және ортопедия ғылыми орталығы мамандары ғана жасай алады. Бірақ Ұлттық орталық ота жасаудан бас тартты. Бірінші себеп – «қаның аз» деді, содан «бар жауапкершілікті өз мойныма аламын» деген қолхат жазып берейін деп ем, «Коронавирусқа байланысты ала алмаймыз, тіпті, Денсаулық сақтау министріне барсаң да көмектесе алмаймыз» деді. Министрден де көмек болмайды деген соң, арбама отырып елге келдім. Бірақ жағдайым күннен күнге нашарлап жатыр. Түнде ұйықтап жатып екінші жаққа аунамақ болғанымда қолымның сүйектері сынып кетті. Қазір маған керек нәрсе – екі аяғыма бірдей ота жасату ғана. Содан кейін титанды диск орнатуға болады», – деді Нұрбол Дүйісов.
Нұрбол сәуір айына дейін арбада отырып келген, бірақ жағдайының күрт нашарлауына байланысты қазір төсекке таңылған.
«Қанды көбейту үшін салынатын арнайы екпелер бар екен. Мен оны енді біліп жатырмын. Бұған дейін шалқарлық дәрігерлер жазып берген дәрілерді ғана қабылдап келдім. Қазір Ақтөбеге қатынап, гемоглобинімді көбейту үшін гемодиализ алып жүрмін. Қаным көбейсе, астанаға бара аламын. Бірақ астаналық дәрігерлер «ота жасауға алмаймыз» деп бас тарта ма деп қорқамын, себебі, бүйректің әлсіздігі бар. Сараптамаларымды қарап отырған ақтөбелік дәрігерлер «Ешқандай проблема жоқ, ота жасауға біз рұқсат береміз» деп отыр. Ақтөбедегі мамандар маған қанша көмектескісі келсе де, қажетті құрал-жабдықтар жоқ. Уақыт өтіп жатыр, аяқтарымның қисаюы тоқтар емес. Егер аяғыма гипс салса, отаны екі-үш жылға шегеруге тура келеді. Қазір мені Нұр-Сұлтанға жіберу үшін облыстық әкімдік пен Денсаулық сақтау басқармасынан емделуге және көмек көрсетуге квота сұраймын. Сондай-ақ Нұр-Сұлтанға жетуіме санавицациялық тікұшақ берсе екен», - дейді шалқарлық тұрғын.
Аталған мәселеге қатысты Azattyq Rýhy тілшісі Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметіне сұрау салды. Жауаптар қосымша жарияланады.