Әскери тәртіп пен құқықтық тәртіп жағдайы да талданды
Нұр-Сұлтанда өткен қорғаныс ведомствосының алқа отырысында ел Президенті – Қарулы күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев берген тапсырмаларды орындау аясында есептік кезеңдегі қызметтің қорытындысы шығарылды. Бұл туралы Azattyq Rýhy Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Қорғаныс министрі генерал-полковник Руслан Жақсылықовтың төрағалығымен өткен алқа отырысына әскер түрлерінің бас қолбасшылары, өңірлік қолбасшылықтар әскерлерінің, әскер тектерінің қолбасшылары, әскери бөлімдер мен құрамалардың командирлері қатысты.
Отырыс барысында қысқы оқу кезеңіндегі жалпы қызметтің, жауынгерлік және жұмылдыру дайындығының, тылдық және техникалық қамтамасыз етудің қорытындылары шығарылды. Әскери тәртіп пен құқықтық тәртіп жағдайы да талданды.
«Мемлекет басшысы Қарулы күштерді қайта форматтау, олардың жауынгерлік әзірлігі мен жарақтандырылуын арттыру жөнінде тапсырмалар берді. Осылайша, соғыс жағдайында да, дағдарыс ахуалында да әрекет етуге қабілетті жауынгерлік бөлімшелер құрылуда», – деді генерал-полковник Руслан Жақсылықов.
Әскерлердің жауынгерлік дайындығын арттыру жөніндегі іс-шаралардың қорытындысы туралы Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – Бас штаб бастығы генерал-лейтенант Марат Құсайынов баяндады. Ол есептік кезеңде жауынгерлік даярлықтың қарқыны едәуір артқанын, қазіргі заманғы қарулы қақтығыстардың тәжірибесіне қарап, әскерлерді қолданудың жаңа нысандары мен әдістері игеріліп жатқанын атап өтті.