Нұр-Сұлтанда алдағы сенбі күні велошеру өтеді

Автор: Azattyq Rýhy

Ұйымдастырушылар велошеру спорттық жарыс емес екенін айрықша айтып өтті

Елордада 21 мамыр күні веломаусымның ашылуына және балалар жылына орай жаппай веложарыс өтеді. Оған қатысуға қаланың барлық тұрғындары мен қонақтары шақырылады, деп хабарлайды Нұр-Сұлтан әкімдігінің ресми сайты.

Бұқаралық велошеруге қатысушылар Қабанбай батыр даңғылынан бастап, мемлекеттік рәміздер алаңын кесіп өтіп, «Астана Арена» стадионы жанындағы көлік тұрағында мәреге жетеді. Олар бас-аяғы бес шақырымды еңсеруі керек.

Велоспортшыларды тіркеу сағат 08:00-де басталады, ал басталуы – сағат 09:00-де.

Ұйымдастырушылар велошеру спорттық жарыс емес екенін айрықша айтып өтті. Сол сияқты тіркелген қатысушылар арасында лотерея өтіп, бағалы сыйлықтар ойнатылады.

Балалар жылы мен веломаусымның ашылуына орай ұйымдастырылған жаппай веложарыс Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің қолдауымен өтеді.

«Осыған байланысты Қабанбай батыр даңғылында ҚР Мемлекеттік рәміздері алаңынан «Астана Арена» стадионына дейінгі аралық сағат 09:00-ден 10:00-ге дейін жабылады.

Елорда тұрғындары мен қонақтары қала жолдарында кептеліс тудырмас үшін қозғалыс бағытын алдын ала жоспарлап, түсіністікпен қарауды сұраймыз», - делінген елорда әкімдігі таратқан хабарламада.