Дәрігерлердің көбі тіл білмегендіктен «Болашақ» бағдарламасына түсе алмай жатыр

Автор: Әсел Оршыбекова

Былтыр шетелде тағылымдамадан өтуге 7-8 дәрігер жіберілген 

Фото: ашық дереккөзден

«Болашақ» бағдарламасымен шетелде білімін жетілдіруге жыл сайын саусақпен санарлық дәрігерлер жіберіледі. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният ОКҚ-дағы брифинг кезінде мәлімдеді. 

Министрдің сөзіне сенсек, ақ халаттылардың ағылшын тілін білмеуі олардың тәжірибелерін нығайтуға кедергі болып отыр. 

«Біздің дәрігерлеріміз көбіне бұл бағдарлама бойынша тағылымдамаға барады. Былтыр 7-8 адамды жібердік. Биыл нақты қанша маман баратынын әзірге айта алмаймын. 

Барғысы келетіндер көп. Ол бағдарламаға түсу үшін өзінің белгілі талаптары бар. Оның ішінде ағылшын тілінің бірнеше сатысынан өтуі керек. Өкінішке қарай, дәрігерлеріміздің көбі сол сынақтан өте алмай қалады», - деді ведомство басшысы.