Жүкті әйелдер арасында жоспарлы вакцинаның 30 пайызы ғана орындалған
Елімізде Pfizer вакцинасының бір дозасымен 1,1 млн адам, ал екі дозасымен 982 мың адам вакцинацияланды. Сонымен қатар бірінші дозамен 838 мың, екінші дозамен 779 жасөспірім екпе салдырды. Ал жүкті әйелдер арасында жоспарлы вакцинаның 30 пайызы ғана орындалған. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният ОКҚ-да өткен брифинг барысында айтты.
БАҚ өкілдерімен кездесу барысында ведомство басшысы Pfizer вакцинасына қатысты статистикалық мәліметтермен бөлісті.
«Қазір елімізде Pfizer вакцинасының қоры 1 миллион дозаны құрайды. 500 мың дозаның жарамдылық мерзімі маусым айына дейін. Бүгінде тәулігіне 15 мың адам вакцина алып жатыр. Сондықтан да Pfizer вакцинасын алу жұмыстары жоспарлы түрде жүзеге асып жатыр», - деді Ажар Ғиният.
Министр аталған вакцина түрі алғашқыда жүкті әйелдер мен балаларға салу үшін сатып алынғанын ескерді. Алайда екпе салдыруға бұл санаттағылардың барлығы бармағаны белгілі болды.
«Екпе салдыруға жоспарланған жүкті әйелдердің 30 пайызы ғана, ал балалардың тек 70 пайызы вакцина алды. Сондықтан да қалған вакциналарды халықтың басқа санатындағы азаматтарға салу іске асып жатыр», - деді ведомство басшысы.
Белгілі болғандай, еліміз бойынша 1-компонентпен 9,4 млн адам (тиісті халықтың 83,3%-ы, жалпы халық санының 55,7%-ы), 2-компонентпен 9,2 млн адам (тиісті халықтың 81,3%-ы, жалпы халық санының 53,8%-ы) вакцинацияланды. Төрт млн адам ревакцинациядан өтті.