Батырхан Шүкеновтің 60 жылдығы: Ұлттық банк арнайы монета шығарды

Azattyq Rýhy

Номиналы 500 теңгелік күмістен жасалған Street art. BATYR BEINESI коллекциялық монеталары айналымға шықты

 

Батырхан Шүкеновтің 60 жылдығы: Ұлттық банк арнайы монета шығарды
Фото: Ұлттық банк

Қазақстан Ұлттық банкі Батырхан Шүкеновтің 60 жылдық мерейтойына орай Street art. BATYR BEINESI коллекциялық монеталарын айналымға шығарады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Банктің баспасөз қызметі мәлім еткендей, монеталардың сатылымға шығатын күніне қатысты қосымша ақпарат ҚҰБ-тың ресми сайтында жарияланады.

«18 мамырда дарынды композитор және әнші Батырхан Шүкеновтің туғанына 60 жыл толады. Номиналы 500 теңгелік күмістен жасалған Street art. BATYR BEINESI коллекциялық монеталары «Қазақстанды монеталар арқылы таны» атты жаңа серияны ашады», - делінген хабарламада.

Айта кетерлігі, бұл – Ұлттық банктің стрит-арт сияқты қазіргі заманғы жастар өнерін қолдауға арналған алғашқы коллаборациялық монета жобасы.

«Монетаның дизайнында Қазақстан стрит-артының ең жарқын жұмыстарының бірі — REPAS командасының «Батыр бейнесі» граффитиі бейнеленген. Авторлардың бастамасы бойынша оны монетаның дизайнында пайдалану құқығы ҚҰБ-қа өтеусіз негізде берілді», - делінген хабарламада.

Монеталар proof сапамен күмістен жасалған, сынамасы – 925/1000, салмағы – 31,1 грамм, диаметрі – 38,61 мм, номиналы – 500 теңгелік, таралымы – 5 000 дана.

«Коллекциялық монеталар нақты құнына сай Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында төлемдердің барлық түрі бойынша қабылдауға, сондай-ақ Қазақстан Республикасының банк шоттарында аударуға, ұсақтауға және айырбастауға жатады. Күмістен жасалған монеталар кәдесый орамында мемлекеттік тілде, орыс және ағылшын тілдерінде ҚҰБ-тың нөмірлік сапа сертификатымен шығарылады», - делінген банк хабарламасында.

Коллекциялық монеталар Қазақстан теңге сарайында дайындалған.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.