«ҚазТрансГазАймақ» балансқа алмай отыр»: Алматы облысында дайын газ құбыры сегіз жылдан бері қаңырап бос тұр

Автор: Әмірболат Құсайынұлы

Алғашқы құрылыс жұмыстарына ел қазынасынан 491 миллион теңге жұмсалған

Алматы облысында мемлекеттің жарты миллиард теңгесіне тартылған құбырдың құжаты жоғалып кеткен. Сегіз жылдан бері құры тұрған газ құбырын ешбір мекеме балансқа алмай отыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Ал өңірді табиғи газбен қамтамасыз етуі тиіс «Жетісугаз» мемлекеттік мекемесінің басшылары проблеманы шешудің жолын әлі таба алмай келеді. Қаңырап тұрған құрбырлар құлай бастаған. Ал оны сырлап, құлаған жерлерін жөндеуді табиғи газды күтумен жүрген халық өз мойнына алған. Тіптен жаппай қирай бастаған құбырға мемлекеттен екінші рет қомақты қаржы тағы бөлінген. Бес ауылдың халқын көгілдір отынмен қамту мақсатында қыруар қаржы жұмсалған құбыр сол қалпы іске қосылмады.

«Қызылсоқ кірпіш зауытынан Қазбекбек темір жол станциясына дейін тартылған құбырдың ұзындығы – 45,5 км. Ол құбыр толық салынып біткен соң оған төл құжаттар жасалады. Техникалық паспорт жасалған соң, ол құжаттар Әділет департаментіне тіркеледі. Одан кейін барып құбырға тапсырыс беруші Эгергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық басқармасының балансына алынуы тиіс. Құрылыс нысаны аяқталған соң мердігер компания тапсырыс беруші мемлекеттік мекемеге техникалық құжаттарды өткізуі керек.

Сонда бұл газ құбырында екі түрлі құжат болады: мемлекеттік акт және техникалық құжат. Ол құжаттарда құрылыс жүргізген компания қандай материалдарды пайдаланғанын да толық көрсетеді. Сапа туралы сертификаты да болады. Жердің асты арқылы тартылған болса оны да көрсетуі тиіс. Мердігер компания осылардың бәрін жасап, құжаттарды өткізіп беруі керек еді. Алайда ол құжаттар жасалынбаған, әрі басқармаға өткізілмеген», - деді Алматы облысы Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының міндетін атқарушы Бағлан Әбілқасымов.

Ол газ құбыры 2014 жылы «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы аясында салынған. Көлемі 200 диаметрлік құбырлар арқылы үш ауылдық округті көгілдір отынмен қамтамасыз ету жоспарланған. Жоғары қысымды газ құбыры Жамбыл ауданының Балғабек Қыдырбекұлы, Жайсан, Көкдала, Қазбекбек бекеті, Ақсеңгір ауылдарына барғанмен, 15 мың үй сол қалпы, әлі күнге пеш жағуға мәжбүр. Алғашқы құрылыс жұмыстарына ел қазынасынан 491 миллион теңге жұмсалған. Арада жеті жыл өткенде бюджеттен екінші рет тағы қаржы жұмсалыпты. Бірақ іс сонда да аяқталмаған.

«Бүгінгі күнге дейін сегіз жыл өтті. Осы аралықта құжаттары болмағандықтан қызмет көрсетуші мекеме өздерінің балансына алған жоқ. Алмай отыр, себебі құжат толық емес. Сондықтан біз құжаттарды қайта жасауға әрекеттеніп жатырмыз. Құрылыс жүргізген мекеме бүгінгі күні жоқ. Біз басқа жолдарын іздестіріп жатырмыз. Бұл жұмыс біздің басқарманың мойнындағы жауапкершілік. Оны біз толығымен атқаруға тиістіміз», - деді Бағлан Әбілқасымов.

Іргедегі газды 8 жыл күткен халыққа жуық арада көгілдір отын берілмейді. Оның сыртында ауыл ішілік құбырлар мүлдем тартылмаған. Басқарманың мәліметінше кемінде екі жылсыз бұл ауылдарға газ бармайды. Жалпы Алматы облысын соңғы алты жылда газбен қамтамасыз ету үшін 70 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінген. Облыстағы елді мекендердің жартысынан көбі көгілдір отынмен қамтамасыз етілмеген.

«Осы аралықта құбыр қараусыз қалды. Халық наразылығын білдірді. Ол рас. Дәнекерлеген жерлері ажырады. Соған байланысты біз сапалы жағын ретке келтіру үшін комиссия құрдық. Соның негізінде жөндеу жұмыстарына үкіметтен тағы 50 млн теңге бөлінді. Бүгінгі күні техникалық жағдайы қанағаттанарлық. Тек орындаушылық құжаттамалары жоқ, кезінде бізге мердігер компания жоғарыда айтылған құжаттарды өткізбей кеткен. Сондықтан құбырды қолданысқа енгізейік десек ұлттық оператор «ҚазТрансГазАймақ» балансқа алмай отыр. Олар құжат сұрап отыр. Мемлекеттік жекешелендіру департаментіне хат жаздық. Соңғы хатты былтыр күзде жаздық. Ол жақтан құбырды қабылдауға келмейді деген жауап келді. Жетіспейтін құжаттарды дайындау – біздің жұмыс. Халыққа газ беруге мүмкіндік жоқ», - деді ол.