Павлодар қаласындағы апатты үй өртеніп, бес отбасы далада қалды
Қазір оқиғаның себебі анықталып жатыр

Павлодар қаласындағы апатты үй өртеніп, бес отбасы далада қалды. Алапат өрт салдарынан екі қабатты баспана түгелімен жанып кете жаздады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Хабар 24 арнасына сілтеме жасап.
Қираған үй тұруға жарамсыз. Тілсіз жау 120 шаршы метрлік аумақты шарпыды. Пәтер ішінен үш газ баллоны сыртқа шығарылды. Қазір оқиғаның себебі анықталып жатыр.
Жергілікті билік баспаналарды кезең-кезеңмен сүріп, тұрғындарды жаңа үйлерге қоныстандырып келеді. Өрттен зардап шеккен жанұялар мемлекет тарапынан жалға алынған пәтерлерге көшіріледі. Жалпы бүгінде бұл шағын аудандағы 300-ге жуық отбасы жаңа қоныстарын күтіп отыр.
«Өрттен зардап шеккендер арасында түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Оларды жалдамалы пәтерлерге көшіреміз. Жалға алуға арналған қаражат мемлекет тарапынан бөлінеді. Тұрғындар тек коммуналдық қызмет құнын өтеу керек. Қазіргі уақытта тиісті құжаттар рәсімделуде», - деді қала әкімінің баспасөз хатшысы Салтанат Әкімбекова.