Таразда көпқабатты екі үй құлағалы тұр
Мұнда 200-ден астам отбасы өмір сүріп жатыр
Таразда екі бірдей көп қабатты үй қауіпті жағдайда тұр. Қазірдің өзінде қабырғалары сөгіліп, кірпіші үгітіле бастаған. Ал кәріз жүйесінің сау тамтығы жоқ, әбден шіріген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Хабар 24 арнасына сілтеме жасап.
260 пәтерлі екі үйде шыбын-шіркей, құрт-құмырсқа да қаптап өріп жүр. Қызыл кірпіштен қаланған қабырғалары жарты белге дейін үгітіліп, бетон тіреулер құлағалы тұр. Бұл күйде тұрғанына 20 жылдан асты. Ал мұнда 200-ден астам отбасы өмір сүріп жатыр. Енді ол аздай кәріз құбырлары ескіріп, жарылып кеткен. Кәріздің сасық иісі кіреберістен қолқаны қабады. Жұрт бұған үйреніп кеткені соншалық көңіл аудармайтын жағдайға жеткен. Бірдеңе сұрасаң қолды бір сілтейді. Мәселені айта-айта ығыр болғанбыз дейді олар.
Бұл үйді сүріп тастау керек, не тыңғылықты жөндеп беру қажет дейді ашынған тұрғындар. Басқасын айтпағанда баспана әлі күнге дейін табиғи газға қосылмаған. Тұрғындар газ баллондарды тұтынып отыр. Бұлай жалғаса берсе күндердің күні үйіндінің астында қаламыз деп қауіптенеді халық.
Әкімдік бұл үйлердің жағдайын жақсы біледі. Көбісі мәселесі бітпейтін көп үйден айналып өтуге тырысады. Алайда 7 жыл бұрын көңіл бөліп шатыры мен әжетханалары жөнделген көрінеді. Енді күтіп ұстамаған өздерінен көрсін деп отыр. Биыл жаңғырту жұмыстарына тағы қаражат қарастырылуы мүмкін.
Бұл үйлерді бір сыпыра жөндеуге мемлекеттен 130 миллион теңгедей ақша бөлініпті. Енді тендер жарияланады. Жөндеу жұмыстарын мойнына алатын мердігер компания анықталса биыл жазда құрылыс басталмақ.