Алматы облысында рұқсат етілмеген көкпарды ұйымдастырушы ұсталды

Автор: Azattyq Rýhy

Ұсталғандар жауапкершілікке тартылады

Фото ашық дереккөзден

Алматы облысының Қарасай ауданында рұқсат етілмеген көкпардың ұйымдастырушысы мен үш қатысушысы ұсталды. Бұл туралы Алматы облыстық ПД баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Облыстық полицияның мәліметінше, көкпарды Қаскелең қаласының 66 жастағы тұрғыны жиенінің туған күніне орай ұйымдастырған.

«Ат спорты ойыны Қаскелеңнің шетіндегі алқапта өткенімен кейін қала көшелеріне көшті. Ұсталғандар ҚР ӘБ-тың 434-бабы (Ұсақ бұзақылық) және 614-бабы (Көлік құралдарына кедергі жасау) бойынша жауапкершілікке тартылады», - делінген хабарламада.

Департаментте нақтыланғандай, полицейлер 34 жастағы азаматтың көлігін зақымдаған шабандозды қоса алғанда қалған көкпаршыларды іздеуді жалғастырып жатыр.

Еске салайық, 15 мамырда Қаскелеңде көкпаршылар тас жол бойында жарысқа түсті. Шабандоздардың тоқтап тұрған көліктерді бүлдіре бастағаны әлеуметтік желілерде хабарланды. Көліктерді аттың тұяғының ізі қалып, автомобильдерді зақымдады.