Нұр-Сұлтанда кран кабелі үзіліп кетіп, құрылысшы қаза тапты

Автор: Azattyq Rýhy

Жазатайым оқиғаны тергеу үшін арнайы комиссия құрылады

Фото ашық дереккөзден

Елордада құрылыс алаңдарының бірінде кран кабелі үзіліп, құрылысшы қаза тапты. Бұл туралы ТЖМ баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«15 мамыр сағат 03:34 шамасында Есіл ауданы Тұран даңғылы, 50 мекенжайында «Тұран 1» тұрғын үй кешенінің құрылыс объектісі аумағында қайғылы жағдай болды. Құрылыс салушы - «EMPAIRE» ЖШС. Оқыс оқиға құрылыс-монтаждау жұмысы барысында жүк көтергіш механизмді пайдалану кезінде орын алған. Алдын ала мәлімет бойынша, мұнара кранының кабелінің үзілуі металл ілгектің құлауына әкеліп соққан», - делінген министрліктің хабарламасында.

Салдарынан бір жұмысшы оқиға орнында қаза тапқан.

 «Нұр-Cұлтан қалалық орта сапасы және бақылау басқармасы осы жазатайым оқиғаны тергеу үшін арнайы комиссия құрады. ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің елорда бойынша департаментінің қызметкері аварияның себептері мен мән-жайын анықтау мақсатында осы комиссияның жұмысын басқарады. Тергеу нәтижесі қосымша хабарланады», - деді министрліктің баспасөз қызметі.