Жыл басынан бері облыста 345 мыңнан астам малдан жоспарлы сараптама алынды
Солтүстік Қазақстан облысының 6 ауданында ірі қарадан бруцеллез індеті анықталды. Ауылдық округ әкімдерінің шешімі бойынша ауру таралу қаупі бар бірнеше елді мекенде шектеу шаралары енгізілмек. Оған сәйкес індет ошағынан мал және мал өнімдерін шығаруға тыйым салынады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Қауіпті індет Айыртау, Ақжар, Аққайың, Мағжан Жұмабаев, Уәлиханов және Қызылжар аудандарында тіркелді. 85 бас ірі қара санитарлық союға жіберілді. Көрсеткіш өткен жылдың сәйкес мірзімімен салыстырғанда екі есе төмен. Олардың қатарында ірі шаруашылықтармен қатар жеке азаматтардың да малдары бар. Талапқа сай иелеріне мемлекет тарапынан өтемақы беріледі.
Жыл басынан бері облыста 345 мыңнан астам малдан жоспарлы сараптама алынды. Олардың қатарында ірі қара, ұсақ мал, жылқы, шошқамен қатар ит бар.
«Жоспарлы сараптама нәтижесінде 85 ірі қараның бруцеллез жұқтырғаны анықталды. Қауіпті індет Айыртау, Ақжар, Аққайың, Мағжан Жұмабаев, Уәлиханов және Қызылжар аудандарында тіркелді. Соңғысы – Боголюбово ауылында. Өткен күзде де бұл елді мекен карантинге жабылған болатын. Аурудың одан әрі таралуының алдын алу мақсатында 15 күн сайын малдардан сынама алынады. Ол теріс нәтиже бергеннен кейін ғана шектеу шараларын алып тастау мәселесі қаралады», - дейді облыстық ветеринария басқармасының бөлім басшысы Қайырлы Қазанов.
Мамандар бруцеллездің адамға жұғу дерегі тіркелмегенін айтты.
Бруцеллез – Бруцелла бактериялар тобы қоздыратын ауру. Бұл бактериялар адамға да, жануарға да жұғуы мүмкін.
Бруцеллез көбінесе адамдар шикі ет пен пастерленбеген сүтті қамтуы мүмкін ластанған тағамды пайдаланған кезде таралады. Бактериялар ауа арқылы да таралуы немесе ашық жараға тиюі мүмкін.