Павлодарда есірткі курьері қолға түсті
Күдіктіден 1 келіден аса есірткі табылды

Қазіргі уақытта аталған факті бойынша Қазақстан Республикасы ҚК 297-бабы 3-бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде, деп хабарлайды Рavlodarnews.kz.
Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөлімшелерінің жедел қызметкерлері 32 жастағы есірткі курьерін ұстады.
«Ол пайдакүнемдік мақсатта тыйым салынған заттарды байланыссыз тәсілмен таратқан. Ер адамның тұрғылықты жері бойынша тінту жүргізу кезінде салмағы 700 грамнан асатын «кристал заттар» табылды. Кейін тағы 390 грамм есірткі алынды. Сараптама көрсеткендей, тәркіленген зат жалпы салмағы 1 келіден асатын синтетикалық a-PVP есірткі болып саналады», - деді Павлодар облысы полиция департаментінің бастығы Василий Скляр.
Жедел іздестіру іс-шараларын жүргізу кезінде ер адамның есірткі қоймасының аймақтық курьері және буып-түюші рөлін атқарғаны анықталды.
Күдікті есірткінің үлкен партиясын алып, кейін заттарды құпия бетбелгілерге салған. Тәркіленген есірткінің келісі – 5 мыңнан астам бір реттік доза.