Отбасы күні қарсаңында 15 жас жұбай «Бәйтеректе» некелерін қиды

Автор: Azattyq Rýhy

Қазақстанда Отбасы күні 2013 жылдан бері аталып келеді

Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі

Қазақстанда 15 мамырда Отбасы күні аталып өтеді. Осы күннің қарсаңында елордада жас жұбайлар "Бәйтерек" монументінің үстінде неке туралы куәліктерді салтанатты түрде алды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Жастардың көбі бұл мерекеден хабардар және көктемнің шуақты күндері некелерін заңдастыруға тырысады. Олардың арасында Есіл ауданының АХАТ-ына неке қиюға өтініш берген оқытушылар, дәрігерлер, студенттер, кәсіпкерлер және басқа да кәсіп өкілдері бар.

Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Серік Егізбаев атап өткендей, статистикаға сәйкес, Қазақстанда некенің ең көп саны көктем мезгілінде тіркеледі.

Айта кетерлігі, Отбасы күніне орай елордада дәстүрлі түрде отбасы мәртебесін арттыруға және отбасылық құндылықтарды насихаттауға бағытталған түрлі іс-шаралар өткізіледі. Жас жұбайларға отбасы бақытын Есіл ауданының әкімі Асылбек Есенбаев та тіледі.

"Өмірдегі басты оқиға елорданың қақ ортасында – "Бәйтерек" монументінде болып отыр. Сіздерді осы айтулы оқиғамен шын жүректен құттықтаймын, бақыт пен амандық тілеймін!" – деді әкім.

Есіл ауданының АХАТ бөлімінің басшысы Раушан Зарирова айтқандай, атаулы күндер некеге тұрғысы келетін қазақстандықтар арасында аса танымал.

"Бұл өмірде отбасы секілді маңызды ешнәрсе жоқ. Салт-дәстүрлерімізді ұмытпауымыз керек. Қоғамда жастардың ажырасқанын қаламаймыз. Сондықтан отбасы институтын кеңінен насихаттауға тырысамыз. Қазіргі уақытта қалыңдық пен күйеу жігіттің орташа жасы – 28 жас. Оларға махаббаттарын күшейтіп, балалы-шағалы болуды ғана тілейміз!" – деп түйіндеді Раушан Зарирова.