Шаруаларға көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге 400 мың тонна дизель отыны бөлінді

Автор: Azattyq Rýhy

Дизель отынының бағасы 1 тонна үшін 212 мың теңге шамасында белгіленген

фото: turkystan.kz

Қазақстанның ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілеріне көктемгі дала жұмыстарын жүргізу үшін 400 мың тонна дизель отыны бөлінді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін, сондай-ақ көктемгі егіс жұмыстарын уақтылы және тұрақты жүргізу мақсатында ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге 400 мың тонна дизель отыны бөлінді. Іс жүзінде 2022 жылдың ақпан-сәуір айларында 231 мың тонна жеткізілді», - деп мәлімдеді ҚР энергетика вице-министрі Әсет Мағауов.

МӨЗ-де көктемгі егіс жұмыстарына арналған дизель отынының бағасы 1 тоннасы үшін 212 мың теңге, яғни литріне 176 теңге. Өңірлерге дейін жеткізуді және сақтауды ескере отырып, АШТӨ үшін баға бөлшек сауда бағасынан (230-260 теңге/литр) орта есеппен 15-30%-ға төмен.

Сондай-ақ, вице-министр фермерлер мен ресурс ұстаушылар арасында дизель отынын сатып алуға «тікелей» шарттар жасасу мүмкіндігін атап өтті немесе фермерлер өзара бірігіп, дала жұмыстары үшін мұнай өнімдерін жеткізу жөніндегі операторды өз бетінше таңдай алады.

Бұл үшін ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі АШТӨ-ге дизель отынының көлемін тікелей бөлу мәселесін байланыс деректерін, егістік жерлердің жалпы алаңын, ЖЖМ қажеттілігін көрсете отырып, аумақтар бойынша ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің деректер базасын құру арқылы және отынды бөлу үшін электрондық-ақпараттық жүйені енгізу арқылы пысықтайтын болады.