Әскери қызметшілер Даңқ мемориалдары мен соғыс ардагерлерінің ескерткіштеріне гүл шоқтарын қойды
Еліміздің барлық өңірінде Қазақстан әскерінің жауынгерлері Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 77 жылдығына арналған еске алу шараларына қатысты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Нұр-Сұлтанда Жеңіс даңғылындағы монументке гүл шоқтарын қою рәсіміне Қорғаныс министрі генерал-полковник Руслан Жақсылықов қатысты.
«Бүкіл гарнизондарда әскери қызметшілер Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен тыл еңбеккерлерін аралады. Ардагерлер тұратын жерлерде салтанатты шаралар ұйымдастырылып, әскери оркестрлер соғыс жылдарының әуендерін орындады», деп көрсетті ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі.
Жеңіс күні – Қазақстан үшін тарихи маңызды күн. Қазақстаннан майданға 1 200 000-ға жуық адам аттанып, оның жартысы соғыстан қайта оралмады. Елімізде 12 атқыштар және 4 кавалерия дивизиясы, 7 атқыштар бригадасы және 50-ге жуық жеке полк пен батальондар құрылды.
Қазақстан стратегиялық тыл ретінде де маңызды рөл атқарды. Соғыс жылдары Қарағанды облысы 35 млн тонна көмір берді. Тыл еңбеккерлері майданға 5 млн тоннадан астам нан және 700 мың тоннадан астам ет жіберді. Әскерге арналған 10 оқтың 9-ы қазақ жерінің қорғасынынан құйылды.
Ұлы Отан соғысындағы ерлігі үшін 500-ге жуық қазақстандыққа Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.