Бұл факті бойынша жедел-тергеу шаралары басталды
Шу қаласында полицейлердің заңды талабына бағынбай, күш көрсеткендер ұсталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
7 мамырға қараған түні Шу аудандық полиция бөліміне белгісіз адамдар полицейлерге күш көрсетіп жатқаны туралы хабарлаған.
Патрульдік полиция қызметкерлері Шу қаласының вокзал маңы алаңының жанында алдыңғы мемлекеттік нөмірлік белгісі жоқ "ВАЗ-21014" маркалы автокөлігін тоқтатқаны анықталды.
Мән-жайларды анықтау барысында автокөліктің жүргізушісі мен жолаушысы полицейлердің заңды талабына бағынбай, таныстарымен бірге билік өкілдеріне қарсылық көрсеткен.
«Аталған дерек бойынша Шу аудандық полиция бөлімі ҚР ҚК 380-бабы 1-бөлігімен (билік өкіліне қатысты зорлық-зомбылық қолдану) сотқа дейінгі тергеуді бастады. Қазіргі уақытта заңға қайшы әрекеттердің барлық қатысушылары анықталды, олармен жедел-тергеу іс-шаралары жүргізілуде», деп көрсетті Жамбыл облысы Полиция департаментi.
Билік өкілдеріне қатысты күш қолданған белсенді адамдар ҚР ҚПК 128-131-бабы тәртібінде ұсталды.