Кенжебек Жанбосыновтың үстінен қылмыстық іс 2021 жылы қозғалған болатын
Шымкентте қаржы басқармасының бұрынғы басшысы сотталды. Қаратау аудандық соты Кенжебек Жанбосыновты «лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдаланды» деген айыппен кінәлі деп танып, үш жылға бас бостандығынан айырды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Қаратау аудандық сотының судьясы Алпысбай Нәлібаев айыпталушыны Қылмыстық Кодекстің 361-бабымен («Лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдалану») кінәлі деп таныды. Өмір бойына мемлекеттік қызметте істеуге тыйым салды. Айыпталушы сот залынан қамауға алынды. Алайда, оның қорғаушысы бұл үкіммен келіспейтінін айтып, апелляциялық шағым түсіреміз деп отыр. Айтуынша, сотта қаралған істе қылмыс құрамы жоқ.
«Сот Жанбосыновты «қызметтік өкілеттілігін керағар пайдаланды» деп тапты. Ол үшін Жанбосыновтың іс-әрекетінен мемлекетке, не қоғамға аса ауыр материалдық залал келуі керек. Тергеу органдары залал келтірді дегенмен, жәбірленуші тарап залал келтірмеді дейді. Тергеуде де, сотта да залалды анықтайтын дәлелдемелер болмады», - дейді қорғаушы.
Кенжебек Жанбосынов 2018 жылы басқарма басшысы және қала әкімдігі жанындағы «Шымкент» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ директорлар кеңесі мүшесі қызметіне келген. Сот оны осы қызметте жүргенінде жастарға арнап салынған 518 пәтерді нарықтық құнын біле тұра тұрғын үй басқармасының төмен бағада сатуына жол берген деп тапты. Сондай-ақ, акционерлік қоғамға аса ірі мөлшерде зиян келтірді деген айып тақты. Ал, келтірілген зиян көлемі 1 млрд 118 миллион теңгеден асады.
Сот Жанбосыновпен бірге пәтерді арзан бағада сатуға қатысы болған «Шымкент» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ директорлар кеңесінің тағы екі мүшесінің ісін тергеуге жіберді.
Айта кетейік, 49 жастағы Кенжебек Жанбосыновтың үстінен қылмыстық іс 2021 жылы қозғалған болатын. Тергеу 8 айға созылды.