Алматыда жанармай құйылған автоцистерна отқа оранды

Автор: Azattyq Rýhy

Өртті сөндіруге 28 техника мен жеке құрамның 80 адамы жұмылдырылды

Фото ашық дереккөзден

Алматыда жанар-жағармай құйылған автоцистерна отқа оранды. Бұл туралы  Алматы қалалық төтенше жағдайлар департаменті мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Алматы қалалық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, бүгін кешкі сағат 20:20 шамасында Жетісу ауданына қарасты Ангарская көшесі 97 А мекенжайындағы өрт туралы хабарлама түскен.

 «Төтенше жағдайлар департаментінің күштері мен құралдары жоғары рангі бойынша өрт сөндіру жұмыстарына жұмылдырылды. Жетісу ауданында жанар-жағармай құйылған автоцистерна отқа оранды. Өрттің жақын орналасқан вагон типті цистерналарға, резервуарға таралу қауіпі бар», - деп хабарлады ведомствадан.

Оқиға орнында жеке құрам қауіпсіздік шараларын сақтай отырып жұмыс істеп жатыр. Жедел штаб құрылып, көрші резервуарларды салқындатуға өрт оқпандары берілді. Өртті сөндіруге 28 техника мен жеке құрамның 80 адамы жұмылдырылды.