«Қазгидромет» РМК үш облыс пен төрт қала тұрғындарына ескерту жасады
«Қазгидромет» РМК Қазақстанның бірқатар өңірінде ауа райына байланысты ескерту жариялады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Кәсіпорын таратқан мәліметтерге қарағанда, 25 қаңтарда Түркістан облысының кей жерлерінде күннің екінші жартысында қатты жауын (жаңбыр, қар) жауады. Республиканың кей жерлерінде тұман түсіп, көктайғақ, бұрқасын болады. Оңтүстік-батыстан солтүстік-батыс бағытына ауысатын желдің жылдамдығы секундына 15-20 метрге жетеді, екпіні 25 м/с болады.
Шымкент қаласында 25 қаңтарда күннің екінші жартысында жауын-шашын, көктайғақ болады. Оңтүстік-батыстан солтүстік-батыс бағытына ауысатын желдің жылдамдығы секундына 15-20 метрге жетеді.
Түркістан қаласында 25 қаңтарда тәуліктің белгілі бір аралығында көктайғақ болып, оңтүстік-батыстан солтүстік-батыс бағытына ауысатын желдің жылдамдығы секундына 15-20 метрге жетеді. Ауа райына байланысты болжамның дәлдігі 90-95%.
25 қаңтарда Батыс-Қазақстан облысының кей жерлерінде тұман, бұрқасын, күндіз кей жерлерде көктайғақ болуы ықтимал. Солтүстік-батыстан, батыстан соғатын желдің жылдамдығы күндіз кей жерлерде секундына 15-20 метрге жетсе, екпіні 23 м/с болады.
Орал қаласында 25 қаңтарда тұман, күндіз бұрқасын, көктайғақ болып, солтүстік-батыстан, батыстан соғатын желдің екпіні 18 м/с-қа жетеді. Ауа райы болжамының дәлдігі 90-95%.
25 қаңтарда Ақмола облысында кей жерлерде бұрқасын, тұман, көктайғақ болуы ықтимал. Батыстан, оңтүстік-батыстан жел соғып, жылдамдығы секундына 15-20 метрге жетеді.
Көкшетауда 25 қаңтарда күндіз оңтүстік-батыстан соғатын желдің екпіні 15-20 м/с-қа жетеді. Ауа райы болжамының ықтималдылығы 90-95 %.