Биылғы ҰБТ-да қандай жаңашылдықтар болады

Автор: Кенжекей Тоқтамұрат

Ұлттық тестілеу орталығының директоры биыл тестілеудің қалай өтетінін айтып берді

Фото: astana-akshamy.kz

Ұлттық бірыңғай тестілеуге құжат қабылдау 14 мамырда аяқталады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг кезінде Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.  

Өтініш қабылдау 28 сәуірде басталған. «Түлектер онлайн форматта құжат тапсыра отырып, ҰБТ-ны қай күні, қай уақытта тапсыра алатынын өзі таңдайды», - деді Р. Емелбаев.

Ал биылғы жаңашылдықтардың бірі Емелбаев атап өткендей, түлек тест аяқталған соң жарты сағаттан кейін апелляцияға өтініш бере алады. 

«Бұрын түлек үйіне барып, ертеңінде барлық сұрағының жауабын есіне түсіріп келсе, биыл тест аяқталған соң отыз минуттан кейін-ақ апелляцияға өтініш беруге болады. Компьютерлік форматтың артықшылығы сонда», - деді ол.

Сонымен қатар Емелбаев хабарлағандай, Қазақстан тарихи пәні бойынша тестілеудегі соңғы бес сұрақтың форматы өзгерген.

«Соңғы бес сұрақта не карта, не мәтін түрінде талдау сұрақтары қойылады», - деді ол.