Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тағы да қымбаттады

Автор: Azattyq Rýhy

Қымбатшылық инфляцияға да айтарлықтай әсер етіп жатыр

Фото ашық дереккөзден

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тағы да қымбаттады. Жарты ай бұрын ғана 18 пайызға көтерілген баға енді 20,7 пайызға жетті. Бұған экономистер геосаяси тұрақсыздықтың себеп болғанын айтады. Былтырғы қуаншылықтың да зардабы бар, деп хабарлайды Azattyq Rýhy КТК арнасына сілтеме жасап.

Қымбатшылық инфляцияға да айтарлықтай әсер етіп жатыр. Сарапшылар алдағы уақытта ішіп-жемнің құны шарықтамаса, арзандамайтынын айтады.   Биыл әлеуметтік маңызы бар тауарлар былтырғымен салыстырғанда 10 пайызға жоғары. Соңғы аптада азық-түлік бағасының тағы да өсуі байқалған. Сәбіз – 3, пияз – 2 жарым, картоп 2 пайызға өскен. Ал жылдық көрсеткіште үшеуінің құны 30 бен 60 пайыз аралығында аспандаған. Тек орамжапырақ бағасы соңғы аптада бір пайызға төмендепті. Дегенмен жылдық өсімі 207 пайызды құрайды.

Қазақстандықтар ақшасын әсіресе қант сатып алуға көптеп жұмсапты. Бір жылда құны 57 пайызға бір-ақ көтерілген. Халық, қарақұмықты әдеттегіден 30 пайыз қымбатқа сатып алса, күнбағыс майы 22 пайызға өскен.

 Экономистердің айтуынша, қымбатшылық әлемдегі геосаяси жағдай реттелмейінше, жалғаса бермек. Тек жаз, күз айларында маусымдық жеміс-жидектер мен көкөністер шығып, баға тұрақталуы мүмкін. «Отандық кәсіпкерлерді қолдап, бірге жұмыс істеу керек» дейді экономистер. Аталған әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің 19 түрін де өз елімізде шығаруға болады.